Бүгін Жаңаөзенде 2000-ға жуық тұрғын қатысқан "Ашық есік күні" өтті. Бұл ауқымды шараға Маңғыстау облысы əкiмiнiң орынбасарлары, басқарма, департамент басшылары, сонымен қатар Жаңаөзен қаласының барлық сала мамандары қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Таңертең 10-да басталған шара кешке дейін жалғасты. Бұл - жалпыхалықтық шара 16 ақпан күнi Ақтау қаласында өткен "Ашық есiк күнiнің" жалғасы. Бұл күні жергілікті билік өкілдері Жаңаөзен қаласы тұрғындарының сан түрлі мәселесін тыңдап, шешу жолдарын ұсынды. Жаңаөзенде өткен "Ашық есік күні" шарасына тұрғын үй инспекция бөлімі де қатысқан. Мекеменің басшысы Сүйіндік Мұхамедовтің айтуынша, инспекция мамандарына 1 шағынаудандағы 19 үйдің тұрғындары өз мәселесімен келген. Бұл үйде қаңтар айының басында бірінші қабаттағы пәтердің еденінің бір шеті жертөлеге құлап түскен еді. Қазір арнайы мекеме үйдің жағдайына сараптама жүргізіп жатыр. Олар үйдің не апатты жағдайда тұрғанын немесе тозығы жеткенін анықтап береді. Қазір жергілікті билік осы сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Егер тəуелсіз сарапшылар үйді апатты деп таныса, онда бюджеттен үй беріледі екен. Ал тозығы жеткен деп таныса, үйді бекіту, ағымдағы жөндеу, жаңғырту жұмыстары жасалады. "2012 жылы 51 үй тозығы жеткен деп, 2 үй апатты деп танылды. Апатты үйдің тұрғындарына бюджет қаражаты есебінен пәтерлер сатып алынды. Ал 25 тозығы жеткен үйге қаладағы мекемелердің демеушілігімен жөндеу, сатыларды, бағаналарын бекіту жұмыстары жасалды. Қалған 25 үйге "Самұрық-Қазынаның" қаржысымен биыл ағымдағы жөндеу жасалады", - деді С.Мұхамедов. Сонымен қатар С. Мұхамедовтің айтуынша, ПИК-тердің жұмысына шағым айтып келгендер де бар. "Ашық есік күніне" тұрғындар көптеген мәселемен келген: жұмыс, балабақша, баспана. Балабақша демекші, «Нұр Отан» ЖҚФ және «Рахат» ауылының мәслихат депутаты Айсұлу Исаева партия филиалының балабақшалармен келісім жасағанын, көп балалы отбасының 10-нан астам баласы балабақшаға тегін орналастырылатынын айтты. Сонымен қатар 1 әйел адам күндізгі күзетші болып жұмысқа қабылданып, мүмкіндігінше 3 балаға материалдық көмек көрсетілмек. Бір күн ішінде мемлекеттік қызметшілердің көмегіне 2000-нан астам адам жүгiнiп, оның 1137-сі арыз-ɵтiнiштерiн қалдырған. Оның ішінде экология мәселелері бойынша - 3 адам, білім беру - 38, тұрғын үй мәселелері бойынша - 59, әлеуметтік көмек - 17, тарифтік төлемдер - 9 , мемлекеттік қызмет - 4, жер қатынастары - 156, микронесие - 57, көлік - 14, салық - 15, зейнетақы тɵлеуi жɵнiндегi мемлекеттiк орган - 6, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры - 6, денсаулық сақтау саласы бойынша - 21, жұмыспен қамту мәселелері бойынша 630 адам ұсыныс пен шағым айтқан. Түстен кейін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Е.Тоғжановпен кездесуге 480 адам келіп, 20-ға жуық адам өз сұрағын тікелей әкімге қойды. https://www.youtube.com/watch?v=bdB-fZciBIc Тұрғындардың бірі көп балалы аналарға берілетін материалдық көмек пен қаладағы букмекерлік кеңселердің жастарды аздырып отырғанын мәселе етіп көтерді. "Бұл мәселеде сізді 100 пайыз қолдаймын", - деді облыс әкімі Е. Тоғжанов букмекерлік кеңселердің жұмысын реттеуге байланысты сұраққа жауап беріп. https://www.youtube.com/watch?v=22wV09joIrU "Көп балалы аз қамтылған аналарға берілетін бір реттік жәрдемақыны 100 мың теңгеге көбейтуге шешім қабылдадым. Бұл жәрдемақы 2-ші тоқсанның аяғына дейін көп балалы мүжәлсіз отбасылардың қолына тиеді. Бұған дейін мүгедек балалар бірінші рет емделгенде мемлекет қаражат бөліп, екінші, үшінші рет мүмкіндік болмайтын. Енді екінші, үшінші рет бару қажет болса, емделу ақысын толықтай көтеруге шешім қабылдадық", - деді аймақ басшысы. Бұл күні билік өкілдеріне қойылған тұрғындардың сұрағының басым бөлігі жұмыс мәселесіне қатысты болды. 76 жастағы Алдоңғар ақсақал 28 жастағы ұлына жұмыс іздесе, 81 жастағы Қалима ана немересінің еңбекке араласқанын, Римма Құлтымбаева есімді қызылсайлық келіншек күйеуінің екі қолына бір күрек тапқанын қалайды. Дәл осылай өзіне жұмыс іздеп жүргендер де бар. Тұрақты жұмыс іздеген қала тұрғындары облыс басшысының атына өтінішін жазып, түйіндемелерін қалдырды. "Бүгін жұмыспен қамту мәселесін шешу туралы көптеген адам өз өтінішін тастады. Осы мәселені шешу үшін қысқа уақыттың ішінде 65 адамға, оның ішінде 14 тұл жетім азаматқа жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді. 17 мүжәлсіз отбасының, 34 көп балалы азамат та нақты жұмыспен қамтылды. Қалған азаматтардың да мәселесі шешіледі", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ облыс басшысы халықтың өндіріс орындарына орналастыру жөніндегі сауалына былайша жауап берді. "Мұнай байлық емес, біздің байлығымыз - халық. Мен мұнай компанияларына салынған мораторийді алып тастауға қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Дәл қазір біз орта және шағын бизнесті дамытуға көңіл бөлуіміз керек. Бизнес бастау үшін 1 миллион аласыз ба, 5 миллион ба, әлде 30 миллион ба, өз еркіңіз. "Нұр капитал" бағдарламасымен кәсібін бастаушыларға 1 пайыздық несие беріледі", - деген Ералы Тоғжанов жастарды шағын және орта бизнес ашуға шақырды. Мәселен, осы кезге дейін қаланың іргесіндегі Қызылсай ауылында 17 адам несие алса, Жаңаөзеннің өзінде тек 4 адам ғана "Нұр капиталдың" мүмкіндігін пайдалануға ниет білдірген екен. https://www.youtube.com/watch?v=ee6HdDki16M "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Нұрбек Қарасаев Жаңаөзенде кәсіп ашқысы келетіндерге кеңес беріп, "Нұр капитал" бағдарламасын кеңінен түсіндіргенін айтады. Айта кетелік, 2017 жылдың қараша айында Маңғыстауда іске қосылған «Нұр Капитал» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Бұл - Қазақстан бойынша баламасы жоқ бірегей жоба. Оның ерекшелігі - өз кәсібін бастаймын деген жандарға 30 миллион теңгеге дейін қаражаттың 1 ғана пайызбен берілетіндігінде. "Бізге 100-ден аса адам хабарласты. Жаңа кәсіп ашу бойынша 50-ге жуық ұсыныс пен сұрақ түсті. Тұрғындарды кәсіп ашу үшін жер мәселесі, несие мәселесі толғандыратынын көрдік. Солардың бірқатарын осында шешіп, кепілі бар адамдарға "Нұр капитал" бағдарламасы арқылы несие алуға болатынын көрсеттік", - деп атап өтті Нұрбек Қарасаев. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72724,72723"] "Ашық есік" күні аясында аймақ басшысы тағы 10 азаматты жеке қабылдап, олардың мəселесiне қатысты нақты тапсырмалар бердi.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттер мен видеоны түсірген автор
https://www.youtube.com/watch?v=qWfLXy-FYvc