Каспий теңізінің жағалауында 100 пальма «өсіріледі». Маңғыстаудың ауа райы субтропикалық климат болғандықтан, шынайы пальма отырғызу мүмкін емес, сондықтан жасанды пальмалар орнатылған. Алғашқы 2 пальма жағалауда орналастырылды. Биыл маусым айына дейін жағалау маңына 100 пальма қондырылмақ. Бұл жайында жобаның демеушісі болған NCOC компаниясы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. - Пальмаларды қондыру инвестициялық жоба аясында қаланы көркейту негізінде жасалып жатыр. Жеңіс саябағы мен Жартастағы соқпақ құрылысы да жағалауды көрікті, демалуға ыңғайлы ету үшін қолға алынған, - дейді NCOC компаниясының баспасөз қызметкері Айнаш Шеңгелбаева. Пальмалар 14 шағынаудандағы полиция бекетінен 15 шағынаудан жаңа жағалаудың шекарасына дейін орналастырылмақ. Биіктігі 11 метр олардың аралары 13-15 метрден болмақ. Компания жоба құнын жария еткен жоқ, алайда жыл сайын Маңғыстау және Атырау облыстарына инфрақұрылымы мен әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасына 25 миллион доллар қарастырылады. 20 жылдық тарихы бар жобаға NCOC компаниясы 620 миллион доллар бөлген. Ал соңғы үш жылда Маңғыстау облысының дамуына 75 миллион АҚШ доллары көлемінде инвистиция жұмсалған. Естеріңізге сала кетейік, былтыр сәуір айында Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қаланы жаңғырту тұжырымдамасын таныстырған кезде 14-15 шағынаудандағы теңіз жағалауына биіктігі 11 метрлік 100 дана жасанды пальма отырғызуды ұсынған еді.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН