Аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған шараға әр ауылдан жиылған 23 тазы қатысты. Сайыста асыл тұқымды иттердің жүйріктігі сыналған.
Көшпелі халық өмірінде тазының орны ерекше болғанын «Ит – жеті қазынаның бірі» сөзінен-ақ аңғарамыз. Оны жанына серік еткен бабаларымыз баптап, аңға шығып, саятшылық құрған. Сарға ауылының әкімдігі жастар жылы аясында кенжелеп қалған аңшылық өнерді дәріптемек ниетте бұл шараны қолға алған.
Жарыста 21 тұрғынның 23 тазысы бақ сынады. Нәтижесінде бейнеулік Қыдыр Мәуленовтің «Көктұйғыны» көш бастаған. Ақылбек Нарбековтің (Бейнеу) «Тұйғыны» екінші келсе, Мизанбай Жаңабаевтың (Сарға) «Сұңқары» үштікті қорытындылады. Төртінші орын Нұрболат Сағыновтың (Бейнеу) «Сұңқарына бұйырса, бесінші болып Қалдан Абайұлының (Бейнеу) «Ақтабаны» келген.
Жеңімпазға ақшалай сыйлық пен Сарға ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Шапағат Жұмашевтің туындысы – түлкі тымақ табысталды. Жүлдегерлер де қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Сарға ауылында жастар жылына орай 45 іс-шара ұйымдастыруға жоспарланған. Жастардың қатысуымен қайырымдылық шаралары, кеңес әскерінің ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуы, туризмді дамытуға, тойланатын мерекеге арналған шаралары, ұлттық спорттық ойындар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға спортпен шұғылдануға арналған шаралар, ауыл жастарының қолөнер бұйымдарының көрмесі, ауылды абаттандырумен көгалдандыру т.б қамтылған.
Суреттерді ұсынған Бейнеу ауданы ішкі саясат бөлімі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72668,72667"]