Ақтаудағы «Айналайын» балабақшасының қызметкері басынан жарақат алып, жедел жәрдем көмегіне жүгінгенін хабарлағанбыз. Дәрігерлер алғашқы көмекті көрсетіп, жарақаттың орнын тігіп, науқасты үйіне қайтарып жіберген. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, балабақша қызметкері директорға балалардың бірнеше апта бойы аш екенін, тамақтың жеткіліксіз екенін айтқан. Директор қызметкерін сол үшін ұрған болуы мүмкін. Бірақ балабақша басшысы мұны жоққа шығарып отыр. «13 ақпан күні сағат 9:00-де ата-ана хабарласты. Ол баласын әкеліп балабақшаға кіргізгенде бір қызметкердің баланың аузына аяқ киім тығыпжатқанын көріпті. Содан бірден келіп қызметкерлерімнің барлығын шақырып, жиналыс жасадым. Маған хабарласқан ата-ананы да шақырдым. Ол мән-жайды баяндай бастағанда қызметкерім оған қарсы сөздер айтып, жеке басына тиісе бастады. Мен дөрекілік танытпуын ескерттім де, барлық құрамды жұмыстан босататынымды айттым. «Бейсенбі, жұма күндері жұмыс істейсіздер, содан кейін босатамын. Дайынсыздар ма?» дегенімде барлығы келісті. Өздері де шаршап жүргендерін айтты. Сонымен келісіп, тақырыпты жауып, тарасқанбыз», - деді директор Гүлжанат Мұратбай. [caption id="attachment_72421" align="alignnone" width="1024"] "Айналайын" балабақшасының директоры - Гүлжанат Мұратбай[/caption] Бірақ басшы мәселе шешілді деп ойлағанымен, қызметкерлерінің өзіне қарсы әрекетті жалғастырғанын кейін білгенін айтады. «Қазір әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып жүрген екі келіншектің екеуі де бір-бір баланың анасы, күйеулерінен ажырасқан. Қиын жағдайда жүрген болуы керек, ашуға беріліп, өз-өздерін ұстай алмай, эмоциясын ұстай алмай түрлі әңгіме де айтты. Ал балаларға берілетін тамақтарды көрсеткен бейнежазбаны кеше түсірген. Әдейі барлығын аз-аздан салып қойған. Бұған дейін ешқандай тамаққа қатысты арыз-шағым болған емес. Айқай шығарған Раушан және Асыл есімді тәрбиешілер «тамақтың қалай берілетінін көрсетпеу үшін мені ұрды» деп жала жауып, сондай ақпар таратып жатыр екен. 14 ақпан күні 17:30 шамасында аспаз хабарласып, айқай-шу болып жатқанын айтып, шақырды. Ол кісі өзі құлағы аппаратпен жүретін, жасы 60-қа келген, егде адам. «Мені қыздар тыңдамайды, көмектесудің орнына шашып кетеді» деп шағымданып, жұма күні жұмысқа шықпайтынын айтты. Бірақ мен «тым болмаса бір күн шығып беріңіз, аяқ асты орныңызға адам таба алмаймын, қазір қыздарды шақырып кешірім сұратайын» деп, екі қызметкерді шақырдым. Ол екеуі агрессияға бейім, эмоциясын ұстай алмай, аспазпен ұрсысып кетті. Мен арашаламақ болдым. Сабырға шақырсам да болмай, өз-өзінен айқайлап, жылап, мені шашымнан тартып, жағаласып кетті», - дейді Г.Мұхамбетқызы. Басынан жарақат алған тәрбиеші балабақшадағы шектен шыққандықтың алдын алу үшін бейнеге түсіргенін айтқан. inaktau.kz сайтының мәліметінше, тәрбиеші онда балаларға тамақ өте аз берілетінін, бір құмыра қайнатпаны 20 балаға бөліп беретінін баяндаған. Басынан ұрған директор екенін жеткізген. Ал директор қызметкерге бас жарақатын салмағанын, мән-жайдың қалай болғанын білмейтінін де алға тартты. «Ол кісінің басының қалай жарылғанын білмеймін. Кетіп қалып, қайта келсем, жедел жәрдем шақырған, полиция шақырған, у-шу болып жатыр екен. Мен басынан кім ұрғанын білмеймін, ұрған да жоқпын, сондықтан жауап бере алмаймын. Өзім де 4 бала өсіріп отырмын. Балаларға ашып кеткен шырын, жетпейтін тамақ бермеймін. Өзім жекеменшік балабақшалар қауымдастығының құрылтайшысымын», - дейді ол. https://www.youtube.com/watch?v=UG_-GJAAvD4 Қазір МО Полиция департаменті, Білім басқармасы, Ақтау қаласы әкімдігі т.б. құзырлы органдар балабақшаға тексеруді бастаған. «Бізге жеткен ақпарат бойынша, келеңсіз жағдайларға байланысты мектепке дейінгі ұйым қызметі ата-аналардың келісімімен уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Біз баланың мүддесін қорғауға, жағдайын білуге міндеттіміз. Қазір балабақшаның ішін қарап шықтық. Бұл балабақша мемлекеттік тапсырыс алып отырған жоқ. Анықталған жай бойынша тексеріс қорытындысы шыққан соң толық ақпарат береміз», - дейді Ақтау қалалық білімді дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Зейнет Тұрланқызы. https://www.youtube.com/watch?v=5cm9AIkR3V8 «Баламды осында бір жылдан бері әкеліп жүрмін. Алдыңғы күні баламды топқа әкелгенімде, бір баланың жылаған даусы шығып жатты. Кірсем, күтуші оның аузына аяқ киім салып жатыр екен. Мені байқамайды, көрген кезде сасып қалды. Неге олай жасағанын сұрағанымда «бала аузына аяқ киімін сала берді, сондықтан мен оны алып жатыр едім» деді. Бірақ мен оның агрессиямен өзі салғанын анық көрдім. Түсіріп алатын жанымда телефоным болмады. Көрші тұратын болғандықтан өзіммен бірге алмап едім. Үйге келген соң директорына хабарласып, көргенімді айтып бердім. 2-3 күн бұрын келгенімде де 2 жасар баланы бір бөлмеге қамап қойғанын көрген болатынмын», - дейді ата-ана Ләззат Нұрмағамбетова. [caption id="attachment_72426" align="alignnone" width="1024"] Ләззат Нұрмағамбетова[/caption] Айта кетейік, «Айналайын» жеке меншік балабақшасы 2017 жылы ашылған. 40 балаға арналған бақшада 3 жасқа дейінгі 33 бала тәрбиеленіп жатыр. Қазір жұмысы уақытша тоқтатылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
https://www.youtube.com/watch?v=Knv9xJ5OiEI