Ақтаулық волейболшылар ардагерлер арасында Атырауда өткен халықаралық турнирден жүлделі 2 орын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 8-10 ақпан аралығында өткен турнир Атырау дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Қазақ КСР ОК компартиясының бірінші хатшысы, үш мәрте социалистік Еңбек ері, қазақ КСР ғылым академиясының академигі Дінмұхамет Қонаевты еске алуға арналған волейболға «ВК Ақтау» командасынан 9 адам қатысты. Сондай-ақ турнирге Астана, Тараз, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Атырау және Өзбекстаннан волейболшылар келді. «Финалда «ҚазНАУ – Буравестник» командасымен кездестік. Бұл командада ақын Олжас Сүлейменов те бар. Бізге Олжас Сүлейменов ағамыздың «90 жасқа келгенше спорттан қол үзбеймін» деген сөздері ерекше әсер етті. Турнир тартысты өтті. Бұл турнир келесі жылы Ақтауда өтуі мүмкін», - дейді "Ақтау волейбол клубы" қоғамдық бірлестігінің президенті Ерғазы Жолдасов.