©
Маңғыстау мен Атырау облысының дәрігерлері шұғыл ота жасап, бейнеулік келіншекті аман алып қалды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Бейнеу аудандық ауруханасында емделіп жатқан аяғы ауыр келіншектің жағдайы күрт ауырлаған. Осыған байланысты ақпанның 11-не қараған түні облыстық перинаталдық орталыққа шұғыл шақырту түседі. Ауа райының қолайсыздығына, тұман мен көктайғаққа қарамастан екі облыстың санавиация қызметі бір мезгілде жолға шығады. Көмекті МО Денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігі ұйымдастырып, Атырау облыстық перинаталдық орталығының мамандарын да шақырған. [caption id="attachment_71934" align="aligncenter" width="612"] Суретті МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды[/caption] Өмір мен өлім арасында жатқан жүкті әйелге Маңғыстау және Атырау облыстық перинаталдық орталығының директорлары Қуаныш Нысанбаев пен Жамал Жаманбаева ота жасады. Бейнеулік дәрігерлер бастаған ота 8 сағатқа созылған. «Ота кезінде 5 литрдей қан жоғалтқан келіншекке аман алып қалу үшін дәрігерлер үздіксіз қан құйып отырды. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Олар ауа райы қолайлы болған сәтте облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырылмақ», - дейді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаев. Айта кетейік, 6 айлық нәрестенің салмағы 1200 грамм болып туған. Ол - 41 жастағы келіншектің бесінші сәбиі.Басты сурет сайттың архивінен