Маңғыстау облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясы өтті. «Нұр Отан» партиясы құрылған кезден бастап Қазақстан азаматтарының бастамалары мен күш-жігерін, еліміздің жауапкершілігі жоғары саяси күштерін бір арнаға бағыттай отырып, қоғамдағы көшбасшылық тізгінін нық ұстап келеді. Елбасының өміршең идеяларының алтын арқауы – Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу, «Мәңгілік ел» болу сияқты өмірлік маңызы зор жасампаздық бағыттарын жүзеге асыруға жұртшылықты жұмылдыруды партия өз міндетіне алды. Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «...Партия қоғамның қалың топтарын біріктіре отырып, қазақстандықтарды жалпыұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыра алды. «Нұр Отан» қоғамның барлық сұраныстарына шұғыл үн қататын топтастырушы, жауапкершілікті және халықтық саяси ұйымға айналды...», - деп атап көрсеткен болатын деді Е.Тоғжанов және бүгінгі конференция еліміз үшін аса маңызды шара – «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы мен партияның кезекті XVIII съезі қарсаңында өтіп отырғандығын тілге тиек етті. Осыған орай, партияның Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХIХ конференциясы шақырылғанын айтты. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты. «Нұр Отан» партиясы МОФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияның күн тәртібіне төмендегідей 5 мәселе ұсынылған. Атап айтқанда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы». Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» туралы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру барысы, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау, «Партия Жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы және «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне делегаттар сайлау. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе туралы «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы және Саяси кеңес Бюросының мүшесі Қайролла Ережеповке сөз берілді. Екінші мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев сөз сөйледі. Үшінші мәселе жайында «Ұлттық рух» қоғамдық қорының төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Аят Сүгірбай сөйледі. Төртінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Звира Есбергенова сөз алды. Баяндамалар бойынша жарыссөзге партия ардагері Есберген Іңірбайұлы және «Маңғыстаумұнайгаз» партия ардагері Аманжол Қартбаевқа берілді. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне делегаттар сайланды. Ал делегаттар тізімімен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Звира Түгелқызы Есбергенова таныстырды. Кезектен тыс ХХIХ конференциясына ұсынылған мәселелер толық қаралған соң, шараға қатысқандарға алғыс айтылды және «Нұр Отан» партиясының Әнұраны орындалды.