«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
Болашағынан зор үміт күттіретін білімді ұрпаққа әрдайым сенім білдіретін Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша бірнеше іргелі тапсырмалар беріп жүретіні белгілі. Соңғы Жолдауда «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы» деп атап көрсеткен Президент еліміздің жоғары оқу орындарының алдына зор міндеттер мен талаптар қойып отыр. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың Жастар жылы деп аталуы жастарымызға соны серпін мен жігер бергені шындық. Қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекет дамуында жастардың атқарар рөлі маңызды. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екендігі анық. Бұл проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» секілді бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Осынау бағдарламалар аясында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде де бірқатар жұмыс тындырылуда. Жыл басында студент жастарға арналған «Есенов оқулары» атты ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылған болатын. Жастар бұл ұйымдастырылған конференцияға үлкен құлшыныс білдіріп, өз идеяларын ортаға салды. Ал құрылыс мамандығында оқитын С-17-1 тобының студенті Алуа Сейілқасымқызы ғылыми жетекшісі техника ғылымдарының кандидаты Нұраддин Жайылханның жетекшілігімен дайындаған «Ұлутас қалдықтарын өңдеу жолдары», «Құрылыс материалдарын шығаратын карьерлердің қоршаған ортаға тигізер әсері» мақалаларын ұсынған-ды. - Алуаның еңбегі студентер арасында өткен байқауда инжиниринг факультеті бойынша жүлделі 1-орынды иемденді, - дейді университет доценті, техника ғылымдарының кандидаты Нұраддин Әлиұлы. - Мақаланың негізгі мақсаты Маңғыстау өңірінде игерілмей жатқан ұлутас қалдықтарынан құрылыс саласына қажетті құрылыс материалын шығару. Өңірімізде құрылыс материалдары басқа өңірлерден әкелінетіндіктен бұлардың бағасы қымбатқа түседі. Алуа өз мақаласында осы қалдықтарды құрылыс материалдарына айналдыру әдісін ұсынып отыр. Егер мақала стартап компаниялардан қолдау тауып жатса, үлкен жобаға айналған болар еді деген үмітіміз бар. Ия, бұл - әзірге бір жоғары оқу орнындағы елеулі жаңалықтың бірі ғана. Кім біледі, талапты жастың ізденіспен жазған осынау еңбегі келешекте үлкен ғылыми жұмыстың бастауына айналар. Бәлкім, ел экономикасына өзіндік үлесін қосар құнды жобалар қатарынан табылар. Тек алға ұмтылған жастардың тауы шағылмай, әркез қолдау көрсетіліп, талабын қуаттап отырса, болғаны.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА