Якутияда өткен Азия балалар ойындарынан олжалы оралған маңғыстаулық балуан Нұрбек Қуанышұлын жанкүйерлері мен ата-анасы әуежайдан үлкен қошеметпен күтіп алды. Қазақ көйлек киіп, сәнденген арулар балуан мен оның бапкеріне бауырсақ пен шұбат ұсынып, дәмнен ауыз тигізді.
-Елге келгенде осындай құрмет көрсетіп, мені күтіп алып жатқан жерлестеріме дән ризамын. Маған үміт артып, жарысқа дайындаған бапкерлеріме, ата-анама, жанкүйер болған жерлестеріме алғыс айтамын. Бұл жолы жарыстан еншіме қола медаль бұйырса, алдағы жарыстарда алтыннан алқа тағып, елімнің көк байрағын әлі талай желбіретіп, әнұранымызды өзге мемлекеттерде шырқатамын деп сенемін. Мен бағындыратын белестер әлі алда,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Қуанышұлы.
Естеріңізге сала кетейік, алтыншы халықаралық Азия балалар ойындары Якутия мемлекетінде өтті. Төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі додаға 45 мемлекеттен «мен мықты» деген 3000-ға жуық спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан самбо күресі бойынша жерлесіміз шәкірті Нұрбек Қуанышұлы топ жарып, қола медальді иеленіп, облыс мерейін өсірді.
-Алтыншы халықаралық Азия балалар ойындары 5-17 шілде аралығында Якутияның Саха қаласында өтті. Спорттың 22 түрінен ұйымдастырылған жарыста балуанымыз Нұрбек Қуанышұлы самбо күресінен боз кілемге шықты. 55 келі салмақта белдескен ол сириялық, ресейлік, моңғолдық, қырғыздық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, шешуші сәтте ресейлік балуанға есесін жіберіп, қола медальді қанжығасына байлады. Мұның өзі-үлкен жетістік,-дейді біздің басылымға берген сұхбатында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Берік Жұмағалиев.
Венера МИРЛАН, Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ.