Орекеңнің өлеңдерін оқығанда...
[ 2016 ] 21 шілде, 10:55 | Жаңалықтар
...Осыдан он шақты жыл бұрын Жетібай селосына жаңбыр көп жауып, су шайып бүлінген үйлердің тізімін алуға үкімет адам шығарды. «НұрОтанның» жас белсендісі ретінде Жетібайға мен де бардым. Шаруамызды ыңғайлаған соң село әкімдігіне жиналдық. Әкім кітап оқитынның сойынан екен. Кабинетіндегі шкаф сөресінде альбом-кітаптар мен көркем туындылар тізіліп тұр. Шетінен қолыма алып әр-әр жерден жүре шалдым. Альбом кітаптарға көз аялдамай сыдыртып келе жатқаным сол, өзім авторын танымайтын «Сәуір туған шақ» атты жұқалтаңдау келген кітап қолыма ілікті. «Көк қуалап тоқтамайтын» қой әлдекімнің бақшасындағы жоңышқаға келгенде тырп етпей қадалып қалады ғой, дәл сол сияқты, мен де қадалып қалайын.
- Бізің жиенді оқып тұр ғой, - дейді аудандық оқу бөлімінің бастығы О.Тіналиев.
Манадан байқап отырса керек, село әкімі де: «Қалай екен?», - деп сұрады.
Сұрап алудың ұтырын жіберем бе:
- Қалай екенін су кешіп жүріп айтатындай кітап емес екен, - дедім мен.
- Ала бер, – деді село әкімі.
Осы сапардан өзіме олжа болған ақын Орақ Байғалиевтің кітабын үйге барғанша автобус ішінде отырып оқып бітірдім. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді ғой, алған ерекше әсерімді көп ұзамай аудандық газет арқылы жұртшылықпен бөлістім. Ол ел ішінде жақсы қабылданған автор екен.
Ауыл арасында «Орекең туралы жазыпсың ғой, мен ол кісіні жақсы танимын» деушілер көп болды. Мен оларға: «Ақынның өзін тану маңызды емес, маңыздысы кітаптың құндылығында, - деймін. «Ал, танысаң айтшы, ол неғылған адам өзі?..»
Ақынның өзі мен оның дегендері туралы жұрттың айтары бар екен.
Бірде Орекең Қадыр Мырза Әлі туралы былай деді:
«Жалпы Қадыр өзгелер сияқты емес, арқанды ширатып келіп түйіп тастайды екен. Оған төмендегі жыр жолдары мысал бола алады:
«Қайран сұлу күн келбетті ай мүсін, көзін сүзбей қалады оған қай кісі, бір адамның, бір адамның бақыты ол, мың адамның, мың адамның қайғысы...» Алайда, Қадырдың бір ерекшелігі, жігіт кезіндегі түйіндерді шау тартқан кезде қайта түйді. Бірақ жігіттің түйген тас түйін түйіндері мен қарттың түйген түйіндерінің арасындағы айырмашылықты білемін. Ол былай: Қадыр жігіт кезінде «Қос қарашық мені көріп жанбаса, бақыт деген бақыт емес далбаса, өмірді шын сүйем деген өтірік, өле сүйген бір адамың болмаса», - деген-ді. Кейін: «Қос қарашық мені көріп жанбаса, бақыт деген бақыт емес далбаса, өмірді шын сүйем деген өтірік, шын сүйетін бір адамың болмаса», - деп өзгертті. Баяғыдай атой жоқ. Сондай-ақ баяғыда: «Бұзықтар өледі, пышаққа құлшынып. Сұлулар өледі, құшақта тұншығып. Арғымақ өледі, артында шаң қалып. Ақындар өледі бәріне таң қалып», - деп жырласа, бертінде: «Тентектер өледі, таяққа құлшынып. Сұлулар өледі, құшақта тұншығып. Арғымақ өледі, артында шаң қалып. Ақындар өледі бәріне таң қалып», - дейді. Баяғы алғашқы оқыған кездері жігіттік қайрат тепсініп тұратын. «Тентек пен таяқ, баяғы бұзық пен пышақты» толыққанды беріп тұрған жоқ. Соңғы нұсқада салқынқандылық бар».
Бірде ақын, поэзия, өлең туралы пікірталас үстінде ақындығымен жаңа танылып келе жатқан жас пері балаң жігіт:
«Орақ Байғалиев мықты болса Маңғыстау ақындары қатарында 6-11 сыныптарға арналған факультатив бағдарламасына неге енбеген ?» - деді.
- Әй, ол Орекең классик Жұмекен Нәжімеденовтың өзінен бата алған кісі, Жұмекеңнің өзі оның шабысына көңілі толған. «Жалпы, қара өлең жазсаң Мұқағалидан асып түс, Баллада жассаң Өтежан Нұрғалиевтен асып түс, Төкпе жырдан Төлегеннен асып түс, лирикада Сағи Жиенбаевтан асып түс» дейтін Байғалиевтың ойынша ақын аз, өлеңші көп. Көп өлеңші кейбіреудің тасасында қалып қояды. Еліктеп, солықтап жүретіндер Светқали, Тыныштықбек, Жұматай, Есенғали, Сабыр, Темірхан бола алмайды дейтін сол Байғалиев емес пе, сен бала білместікпен айтып отырсың, Орекең мықты ақын ғой, - деді ауылдың азулысы.
Содан, аты жақсылардың қатарында айтылатын, бірақ, өзі көрінбейтін Орақ Байғалиевтің өлеңдерін интернеттен парақтайын. Интернетте жалғыз кітабы берілген екен.
«1948 жылы Маңғыстау ауданында жылқышының отбасында дүниеге келген Орақ Байғалиев Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының тарих факультетін бітірген екен. «Махамбет Өтемісұлының Махмұт деген баласының қызы Нұрбикеден туған – Байғали Есболаев. Оның баласы Орақ Байғалиев Алматыда оқиды, өлең жазып жүрген жас талапкердің бірі. (Берқайыр Аманшин, «Махамбет» (Алматы. Жазушы баспасы. 1974 ж )».
«Жапырақтар жанарын жасқа бұлап,
Атып шықты адырдан қасқа бұлақ,
Сені көрген алғашқы мен сияқты
Талып түсті ақ тамшы тасқа құлап» – Қандай мөлдірлік десеңізші!..
Алысқа айғай салам талмаса жақ
Бұл енді жүрген тірі жанға сабақ,
Қолымда шақпақ та жоқ, шырпы да жоқ
От жағам ойыма үсік далбасалап», - деп жырлаған О.Байғалиев не айтқысы келген? Онысы қоғамды өгейсу ме әлде өмірге көңілі толмау ма?
Неге ойын үсік шалған? Ой – руханияттың қозғаушы күші емес пе? Әрине, бұл жалаң Асанқайғылық емес, жан күйзелісін оқырманға қоғам барометрі – ақын ретінде жыр жолдарымен жеткізуі. Ойлы азаматтың сөзі. Ділі таза Қазақтың сөзі.
«Сан ғасырлар үстімді қаптар құрақ,
Мезгілімен келмеген бақ қор бірақ...
Мені қайда көтерер қыран ұшақ,
Мені қайда апарар автоарғымақ» - Иә, қайда барамыз? Баяғы тереземізді қарынмен қымтап, сықсима шаммен отырып тезек жаққан күндер, өнер-ғылым дамымай, жамаулы тостағанмен ас ішкен, Бесқалаға базаршылап ай жүріп аталарымыз алып келген кірсіңді шақпақ секерді әжелеріміз түйірлеп бөліп беретін кездер өткен. Бүгінгі қазақ ұшақпен, автомобильмен жүреді. Бірақ баяғы қыр қазағынан қалған, рухани жұтаңдық көлеңкесіндей күні бүгінге дейін бізге еріп жүрген мұра (даңғойлық, мақтаншақтық, бекер мал шашпақтық, жалқаулық, тамақсаулыққа қоса араққұмарлық, тойларда кәрі-жасымыз қосылып алып былша-былш билейтін әдет жамалды) мұрты бұзылмай өнбойымыздан табылады. Сонда, біз ұшақ мініп, автоарғымақ мініп қайда барамыз? Әрине, келелі келешекке. Мына болмысымызбен астымызға ұшқыр ғарыш кемесін мінсек те қазақы болмысымыздан ұзап шыққымыз жоқ. Ақын осыны айтқысы келген.
«Тиер-тимес уақыттың ем-себі
Екі ұлы әлем бір-біріне енсе еді,
Бұл жақтан да таба алмадым сені, мен
О жақтанда табар ма екем мен сені» - идеал іздеп шаршаған ақынның сөзі. Тазалықты аңсаушы, биік парасатты аңсаушы адамның сөзі. Жалпы рухани кемеліне келген ақынның сөзі. Биік парасатты қалыптастырған ізгілікті жанды іздеуші ақын жанының мөлдірлігіне, балаң періште көңіліне үңілгендей боламыз. Осы болмысымызбен о дүниеде қайтер екенбіз дейтін екі дүниенің абыройын ойлайтын Қазақ келбетін іздейтін ақынның сөзі.
Ылғи парасат биігінен сөйлейтін О.Байғалиевтың кей өлеңін оқығанда «Еділдің бойы ен тоғай, Ел толтырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» дейтін біртуар Махамбет Өтемісұлының бөлек айтатын ерекшелік қасиетінің ұшқыны жиеншарларынан ақынға қанмен өткен бе деп қалады екенсің. Ақын жұрт шошитын өлімді де гармониялық үйлесім ретінде қарайды.
«Кешегіден кермек пе көлім дәмі,
Барлығынан бүгінде көңіл қалды,
Жаратқанның ісіне шүкір етем,
Өмір қысқа болғанмен өлім мәңгі», - дейді. Айтпағы не?
Айтпағы: «Мың күн бейіштен бір күн тірлік артық» дейтін қазақ ұғымының аясынан шыға отырып жаратылыстың үйлесімін үндеуі. Қазақ өлімнен қорқады. Қазақ неге қорықпасын? Ақын неге торықпасын? Біз-адамдар өмір сүру этикасын бағаламаймыз, өмір сүру этикасын (адамдық-ізгілік қағидаттарын) өзімізге қарай ыңғайлы етіп рәуіттеп аламыз да жалғанды жалпағынан басып жүре береміз. Өлім десе қорқатынымыз сондықтан. Ақын жаратылыс гармониясын бере отырып өмір мен өлімді бөле қарамайды. Жасампаздықтың кілті осында жатыр. Қорқақтықтың негізі өлімнен қорқуымызда жатқандығын түсіндім. Біз, ә дегеннен күштіден қорқамыз. Күнім түседі деп түлкі бұлаңға саламыз. Әлсізге өктемситініміз: оған ешқашан күніміз түспейді, кембағал жаннан «көйлек киіп, көже ішпейміз» деп ойлаймыз. Бұл жерде ақын әдемі өмір сүре білейік дегенді айтқысы келген.
«Бұрын басқа орнапты сая бақ қай,
Өлген талай өзенім аяғы ақпай,
Арабия, Алтайға ізін салған
Арғы тегі қазақтың баяғы Ад-дай», - дейді. Бұл жерде ақын шежіре шеңберінен шыға отырып ғылыми негіздемелерге сүйеніп ежелгі ру-тайпалардың қазақ хандығының шаңырағын көтергендігін және бір тудың астында бейбіт өмір сүріп келе жатқандығын жырлайды.
Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың көзін көріп оны әрмен қарай дамытқан зиялылардың үш буын өкілдерімен аралас-құралас жүріп қалам тербеген ақынымыздың өлеңдерін оқығанда парасат биігінен сусындағандай боламыз. Өз түйіні: «Жалғыз кітапты жалқы ақын» деуге саятын О.Байғалиевтің әсілі тіршілік гармониясын түсінген терең ойдың иесі екендігіне көзім жетті.
Қабыл Әбдірахманұлы, мұғалім
Қарақия ауданы.
1120
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.