Бұл «ҚазАзот» жауапкершілігі серіктестігінің бас директоры Орақов Кеңестің сөзі. Таяуда "ҚазАЗОТ" зауытын жаңғырту жобасымен танысу үшін бір топ журналистер жұмыс жүргізіліп жатқан аймақта болып қайтқан еді. «Біз өндіретін азот минералды тыңайтқыштарды Балтық елдері, Украина, Венгрия, Грузия, Әзірбайжан және Қырғызстан сияқты елдер тұтынуда», - деді журналистерді қарсы алған Кеңес Нұрмағамбетұлы. Оның айтуынша, ҚазАзотқа бәсекелес Өзбекстанда 3 зауыт, Ресейде – 13, Украинада – 6, Грузияда – 1 зауыт бар.
«ҚазАзот» ЖШС 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 79 200 тонна азот минералды тыңайтқыштар (аммиак селитрасын) өткізген, бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 63%-ға артық. Көрсетілген көлемнің 2,2 млрд теңге сомаға 34 500 тоннасын компания экспорттады, ол 2015 жылдың бірінші тоқсанымен (581,2 млн теңге сомаға 11 900 тонна) салыстырғанда шамамен 3 есеге артық. Жылдың соңына дейін «ҚазАзот» шетелдік нарықтарға қосымша 82 700 тонна аммиак селитрасын жеткізуді жоспарлауда.
Шын мәнінде, аталған зауыттармен бәсекелестікті нығайту мақсатында «ҚазАзот» өндірістік көрсеткіштерін жоғарылатып, өнім бағасын төмендетуді көздейді. «ҚазАзот» табиғи газ, энергия ресурсы сияқты зауыттың ілгерілуіне қажет өнімдерді өз ішінен шығару жоспарын алға қойып отыр. Бұған дейін газ бен электр энергиясын тұтынып келген «ҚазТрансГазАймақ», «МАЭК-Казатомпром» сияқты мекемелердегі тарифтер бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Мәселен, «ҚазАзот» «МАЭК-Казатомпром» мекемесінен электр ресурсі үшін бір жылға 500 миллион теңге шамасында қаражат төлеуі тиіс екен.
«ҚазАзот» зауытын кешенді жаңғырту жобасын қаржыландыруды «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ көздеп отыр. Жоба аммиак және азот минералды тыңайтқыштар өндіру қуаттылығын жылына 300 000 тоннадан 400 000 тоннаға дейін кеңейтуге, минералды тыңайтқыштардың өзіндік құнын 34%-ға төмендетуге, сондай-ақ шикізатты өндіру және қайта өңдеуден бастап жаңа өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік айналымды құруға бағытталған (бұдан әрі - Жоба) қаржыландырады.
https://youtu.be/36vC5Ra0A_EЖобаны жүзеге асыру үшін «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнын игеруді қоса алғанда құрал-жабдық сатып алу, құрылыс-монтаждау жұмыстарына бағытталған қаражаттың 55%-ы игерілді. 2018 жылы жоба аяқталғанға дейін кәсіпорындағы еңбек өнімділігі 17 762 мың теңгеден 35 000 мың теңгеге арттырылады, сондай-ақ 300 жаңа жұмыс орны құрылады. Ал қазірде зауыт қызметкерлерінің штаттық саны 1243 адамды құрап отыр.
«ҚазАзот» ЖШС 2006 жылдары қиын кезеңді бастан кешірген. «Сол кездерде аймақта істен шығып, тұрып қалған техникалық ресурстардан-ақ белгілі бір деңгейде зауыттың банкротқа ұшырағанын білуге болады», - дейді Кеңес Нұрмағамбетұлы. Демек, қазіргі ҚазАзот пен бұрынғы кезеңді салыстыруға келмейді. ҚазАзот Қазақстанда ғана емес, дүние жүзі елдеріне мойындалған кешенді зауыттар қатарында. Қазіргі таңда Қазақстанның ішкі нарығында келісім жасап қойған «ҚазАзот» өнімдерін сатып алушылардың қатарында: «Еуразиялық Топ» ЖШС, «Қазатомпром» ҰК АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және басқалары. Ірі экспорттық келісімдер жасалған компаниялар қатарында: «Трейдинвест Украина» ЖШҚ (Украина), «Селена» ЖШҚ (Украина), «Агроферта» ЖШҚ (Украина), «Либера» ЖШҚ (Грузия), «Юлита» ЖШҚ (Қырғызстан), «Борей» АҚ (Ресей) және т.б.
Айта кетейік, «ҚазАзот» ЖШС 2005 жылғы қарашада 1965 жылдан бастап 1970 жылға дейін Каспий маңы тау-кен металлургия комбинаты салып, іске қосқан химиялық кешеннің базасында құрылған. Кәсіпорын Қазақстан Республикасында аммиак пен аммиак селитрасының жалғыз өндірушісі болып табылады. Зауыт агроөнеркәсіп кешені мен тау-кен саласының қажет минералды тыңайтқыштар шығаруға бағытталған химия өнімдерін шығарады.
Айгүл ДӘДЕН Бейнежазба және суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ