«Алтынқұрық» ЖШС жол-құрылыс компаниясы бүгінгі таңда Мұнайлы ауданының Баянды ауылына асфальт жол салуды қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Ұзындығы 10 шақырымды алатын жолдың құрылысына облыстық қазынадан 909 млн. теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілген. Осылайша, жолдың 7,7 шақырымы төселген. Енді қалған бөлігіне 250 млн. қаржы қарастырылса, жол құрылысы толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылады. Алдағы уақытта Баянды ауылын орталықпен жалғастыратын тақтайдай, теп-тегіс асфальт жолдың сапасын Германиядан арнайы келген инженер, сарапшы-маман Эрвин Флейшер бақылауға алған.
-Жалпы менің жол құрылысы саласында жұмыс жасағаныма 40 жыл уақыт болыпты. Қазіргі таңда мен Германияда жол саласындағы ережелер мен стандарттарды шығаратын мемлекеттік мекемде жұмыс жасаймын. Одан бөлек, мені жол құрылысының сапасын тексерту үшін өзге мемлекеттерден үнемі шақырту алып тұрамын. Бүгінгі салынып жатқан Баянды ауылы асфальт жолының құрылысын мен 4 шілдеден бастап бақылауға алдым. Алғашқы күндері келгенімде, бұл жолдың құрылысының басында азғантай кемшіліктер болды. Мәселен, асфальт төсегіштің жұмысын қалыпқа келтіруіміз керек болды, асфальт төсейтін катоктардың кейбір жерлері өзгерістерді талап етті. Қазір мұның барлығы қалыпқа келтіріліп, жақсы қарқынмен жұмыс жасап жатыр, жолдың сапасын өте жоғары деңгейге жеткіздік. Бұл жерде қолданылып жатқан материалдардың сапасына өте жақсы деп баға бере аламын. Жалпы Ақтау қаласы қарқынды дамып келе жатыр екен. Тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жолдардың кеңдігі маған ұнады,-деген сарапшы-маман Эрвин Флейшер жол құрылысының сапасын бақылау үшін Египетте, Бразилия, Қытайда болғанын атап өтті.
Өңірде 2003 жылдан бері жол құрылысымен айналысып келе жатқан мекеме соңғы заманауи жабдықтармен жабдықталған. Аймақта алғашқы болып, компания «Автоматтандырылған Топкон 3 D нивелирлеу жүйесін» енгізген. Аталмыш құрылғы жолдың негізгі қабаттарын компьютер арқылы 1 мм дәлдікпен салады. Соның нәтижиесінде жұмыстың өнімділігі артып отыр.
-Елбасымыз «Мемлекет сіздердің бизнестеріңді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайлар жасады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек. Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» деген болатын. Сондықтан да «Алтынқұрық» компаниясы жоғары сапалы жолдар салуға бағытталған көптеген жұмыстар атқаруда. Соңғы үш жылдың ішінде оннан аса ірі нысандар-республикалық маңыздағы көлік жоларын қолданысқа бердік... Бүгінгі күні қолымызды ұзартып, еңбек өнімділігін арттыру үшін заманауи техникаларымыз септігін тигізіп отыр. Автоматтандырылған Топкон 3 D нивелирлеу жүйесінен бөлек, асфальтты соңғы үлгідегі «бұзбай тексеру құрылғысын» қолдана отырып қажетті тығыздыққа жеткіземіз. Яғни, бұрыннан келе жатқан асфальтты кесіп алып тексеру емес, асфальтты салу кезінде тығыздығы 3-4 параметрін анықтайтын жаңа ноу-хоу техника. Қазіргі таңда бұл жердегі жол құрылысына 70 адам мен 50 техника жұмылдырылған. Қолданылып жатқан материалдар жергілікті өнімдер. Қазіргі таңда жолдың екінші қабатын жасап жатырмыз, жалпы қалыңдығы 15 см. Елбасының тапсырмасына сәйкес жолдың сапасына қатты мән береміз,-дейді «Алтынқұрық» ЖШС-ның қаржы директоры Қуанышбек Әбдірахман.
Мекеме жұмысшыларының білімін толықтырып, біліктілігін арттыру мақсатында екі маманды Германияға оқуға жіберіп, «Германия көлік жолдарының құрылысы мен қолдану кезіндегі заманауи технологиялар» атты тағылымдамадан өткізген. Одан бөлек, жол құрылысының озық технологияларын іс жүзінде қолдану және де мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында 40 жылдық тәжірибиесі бар сарапшы маманды арнайы шақыртып, арнайы курс ұйымдастыруда.
-Жалпы бұл мекеме талапқа сай жұмыс жасап жатыр. Заманауи құрылғыларды қолдануда, жұмысшыларының білімін жетілдіруде жұмыстарын жақсы жолға қойған... Алдағы айда облыстық бюджеттен Баянды ауылының жолына қосымша қаржы бөлінсе, үш айдың ішінде пайдалануға берілетін болады. Бұл жолдың іске қосылуын баяндылық тұрғындар да асыға күтуде. Одан бөлек, бүгінгі таңда Маңғыстау-3, 4, 5 және Қызылтөбе, Дәулет, Басқұдық ауылдарының ауылішілік жолдары жасалып жатыр,-дейді Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тұрбек Спанов.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ