©
Ақтауда "Орбита" гараж кооперативінің маңында үйсіз жүрген адамды иттер талап тастаған. Зардап шегуші ауруханаға жетпей қайтыс болған. Бұл оқиға 20 қаңтарда болыпты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Құзырлы органдардың айтуынша, бұл азамат тұрғылықты мекен-жайы жоқ (БОМЖ) кісі екен. «Қабылдау бөліміне таңғы сағат 2-3 шамасында түсті. Оның денесінің сау тамтығы қалмаған, аяқ-қолын иттер тістеп тастаған. Көп қан жоғалтқандықтан ауруханаға жетпей қаза болды», - дейді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаев. Осы жағдайға байланысты Ақтау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне сағат 04.26-да қоңырау түскен. МО Полиция департаментінің мәлімдеуінше, алдын ала болжам бойынша ер азамат күзетілетін жеке аумаққа кірген. Əзірге тұлғаның кім екені анықталмаған. Аталған іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімінде тіркелді. Мән-жай анықталып жатыр.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Көрнекі сурет сайт архивінен