Енді қазақстандық жұмыс берушілер жұмысқа адам қабылдар алдында оның несие тарихын ескеретін болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бірінші несие бюросының төрайымы Әсем Нұралиеваның айтуынша, егер үміткерде несиесінің төлем мерзім өтіп кетсе, оны жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Өйткені мұндай тәжірибені ритейл нарығы – ірі гипермаркеттер пайдалана бастаған. Материалды жауапкершілік қамтамасыз ететін қызметтерге жұмыс берушілер несие тарихы таза жұмыскерлерді алғысы келеді. Несие тарихын тексеру тек қана жұмыскердің келісімімен болады. Ал келіспеген жағдайда несие тарихын тексермейді. «Үміткерге міндетті түрде хабардар етіледі. Олар ең алдымен екі факторға: төлем мерзімі өткен несиеге, несиесінің бар-жоғына мән беретін болады. Әрине, бұл факторлар жұмыс берушілердің еркінде. Егер жұмысшы жалақысы төмен, еңбек коэффициентіне сай емес жұмысқа орналасса, онда оны материалдық жауапкершілігі бар лауазымнан басқа позицияларға ауыстыруға болады», - дейді Әсем Нұралиева. Бірінші несие бюросының мәлімдеуінше, қазақстандықтардың 6 трлн теңге несиесі бар. Бизнесті кеңейту үшін қазақстандықтар 17,2 трлн теңге несие алған. Айта кетелік, елімізде төлем мерзімі өткен несие үлесі 14,1%-ға жеткен. Былтыр құны 1,9 трлн теңге болатын 6,6 млн несие берілген. Сондай-ақ, жалпы сомасы 600 млрд теңге 75 мың ипотекалық несие болып отыр.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Сурет сайт архивінен