Ақтауда электр энергиясының жаңа тарифтерін талқылау қайта жалғасты. Бұған дейін Кеше «Абай» мәдени-демалыс кешенінің үлкен залында қоғамдық тыңдау өтіп, халық «АльянсЭнергоСнаб-Ақтау» компаниясының өкілдерімен кездескен еді. Бірақ екі тарап түсінісе алмай, қоғамдық тыңдау өтпеді деп танылған.
Кеше түстен кейін жергілікті биліктің, жабдықтаушы компанияның, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері бас қосты. Жиынды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев жүргізіп, жиналғандарға жаңа тариф бойынша ақпарат берді.
Энергия жабдықтаушы компания неге біреу?
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалармен жасалған жария шартты және заңды тұлғалармен жасалған келісімшартты тоқтатты. Өйткені «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес өндіруші компания энергияны жеке тұлғаларға сата алмайды. Яғни «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы тек энергия өндіруі тиіс. Екі күн бұрын өткен қоғамдық тыңдауда энергиямен жабдықтау саласы монополиялық қызмет түріне жатпаса да, тұрғындар үшін еш таңдаудың болмағаны ақтаулықтардың наразылығын тудырған еді. Әу баста «МАЭК-Қазатомпром» электрмен жабдықтау мақсатында электрді сатып алуға екі компания өтінім берген. Олардың бірі «AllianceEnergoSnab-Ақтау» болса, екіншісі - «Электр жүйелері» ЖШС. Бірақ кейіннен екінші компания Ақтау қаласын электрмен жабдықтауға ресурсының жеткіліксіздігін айтып, өтінімін қайтып алған. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев жария шартты тек «АльянсЭнергоСнаб-Ақтау» ЖШС ғана ұсынғанын, басқа компаниялардан өтінім түспегенін мәлімдеді. Өйткені бұл шығыны көп қызмет екен. «17,62 теңге/кВт.сағ болатын жалпы тарифтен оларға тек 1,79 теңгесі тиесілі. Оның 1,13 теңгесін энергиямен жабдықтаушы компания «Кегокқа» аударады. «Кегок» оны «МАЭК-Қазатомөнеркәсібінің» жабдықтарын күрделі жөндеу, қайта жаңғырту үшін мақсатты қаражат ретінде қайтарады», - деді Өркен Бисақаев. Осылайша энергиямен жабдықтаушы компания қалған 0,67 теңгеге өндірушіден энергияны сатып алып, оны тұтынушыларға таратады, бақылаушылар мен есептік кассалардың жұмысын жүргізеді. «Қазір өлкеде энергиямен жабдықтау қызметін көрсететін 8 компания бар, олардың 5-уі ғана қала аумағында жұмыс жасайды. Бірақ солардың тек біреуі ғана, яғни «АльянсЭнергоСнаб-Ақтау» компаниясы қала тұрғындарына қызмет көрсетуге ұсыныс берген. Қалғаны заңды тұлғалармен жұмыс жасауға ниет білдірген. Болашақта өзге компаниялар өтінім берсе, олардың да ұсынысын қабылдауға дайынбыз», - деді Өркен Серікқалиұлы. Басқосуға қатысқан «Маңғыстау жарық» ЖШС директоры Ермек Дәулетпақов Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия ауданына қызмет көрсететінін айтты. «Ақтау қаласын энергиямен жабдықтау үшін ресурсымыз жеткіліксіз, дәл қазір мұндай міндетті алуға дайын емеспіз», - деді ол.Компания тұрғындардың жеке мәліметін жариялай ма?
Баспасөз өкілдері тұрғындарды толғандырған тағы бір сұрақтың жауабын сұрады. Ол - «Тұрмыстық тұтынушыларға арналған электрмен жабдықтаудың үлгілік шартындағы» 27-бап. Онда «Тұтынушы Сатушыдағы ол туралы немесе шарттың талаптарын орындау мақсатында жеке деректерді Сатушыға жинауға, өңдеуге және сақтауға, сондай-ақ тұтынушы туралы барлық мемлекеттік/мемлекеттік емес органдарға, ұйымдарға, оның ішінде сот органдарын қоса алғанда, жеке деректерді таратуға келісім беретіні» жазылған. Бұған «AllianceEnergoSnab-Ақтау» компаниясының заңгері үлгі ретінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясында қолданыста болған шартты алғанын мәлімдеді. Заңгер азаматтардың ЖСН ғана жинайтынын айтты.Сараланған тарифтің базалық тарифтен айырмашылығы неде?
Тұрғындардың түсініспеушілігін тудырған мәселе – сараланған тариф. «АльянсЭнергоСнаб-Ақтау» ЖШС тұрғындар үшін 3 деңгейлі сараланған тарифті іске қосып отыр. Оған сәйкес, бір адамға шаққанда бір айдағы норма 70 кВт/сағат болып белгіленген. Бір үйде бір өзі тұратын адам үшін норма 95 кВт/сағат етіп белгіленген. Егер тұрғын 70 кВт/сағатқа дейінгі электр қуатын пайдаланса, 16,58 теңге/кВт.сағ бағасымен төлейді. Егер бір айдағы жаққан тоқтың көлемі 70 кВт/сағаттан (бір адам үшін) асып кетсе, онда тарифтің екінші деңгейімен, 21,14 теңге/кВт.сағ (ҚҚС-пен) бағамен төлейді. Ал егер бір айда жаққан жарықтың көлемі бір адамға 150 кВт.сағаттан асса, онда үшінші деңгей бойынша төлем жасайсыз. Ол ҚҚС қосылған 26,43 теңге/кВт.сағ. Мәселен, қаланың үш бөлмелі пәтерінде 5 адам тұрады делік, олар бір айда бірінші деңгей бойынша 350 кВт.сағ пайдалана алады. Оған 5803 теңге төлейді. Егер отбасының бір айда пайдаланғаны бұдан асып кетсе, 350 кВт-тан асқан көлеміне екінші деңгеймен төлейді. «Заң сараланған тарифті қолдануға мүмкіндік береді. Бұл электр қуатын үнемді пайдаланғысы келетіндер үшін ыңғайлы. Бірақ міндет емес», - дейді Ө.Бисақаев. Егер тұтынушы сараланған тарифпен төлегісі келмесе, онда төлем 17,62 теңге/кВт.сағ базалық тариф бойынша жүргізіледі.Бір айдағы норма неге 70 кВт/сағат болып белгіленген?
Басқосуда бір адамға шаққанда бір айдағы норманың неліктен 70 кВт/сағат болып бекітілгені де қызу талқыланды. Мәселен, Қарағанды облысында бір айдағы норма 80 кВт/сағ, Алматы қаласында 90 кВт/сағ екен. «Өңірдің монополияға қарсы департаментінің 2009 жылғы энергиямен жабдықтаушылардың сараланған тарифін реттеу туралы бұйрығына сәйкес, 2012 жылы сараланған тарифтің нормасы бекітілген. Онда электр энергиясы үшін бірінші деңгей – 70 кВт/сағатқа дейін, екінші деңгей 150 кВт/сағатқа дейін, үшінші деңгей 150 кВт/сағаттан жоғары болып белгіленген. Бұл норма қазір де қолданылады», - деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бақыт Бекмұратов. Маңғыстауда бір айға белгіленген норманың басқа өңірлерден өзгешелігінің себебі – формула біреу болғанымен, тұтынылатын көлемі мен цифрлық көрсеткіштің әртүрлілігінде дейді ол. «Көршілес Атыраумен салыстырғанда Маңғыстаудағы тарифтің құны аспан мен жердей. Атырауда қала тұрғындары үшін 4 теңге/кВт.сағ болса, Ақтауда тұрғындары үшін 17,62 теңге/кВт.сағ. Бұл газ бағасының қымбаттығымен түсіндіріледі. Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 476 бұйрығымен тек қана Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін газ бағасы 11 теңгеден босатылады деп белгіленген. Сондықтан Энергетика министрлігіне газ бағасын түсіру туралы өтінішпен шығуыңызды сұраймыз. Егер газ бағасы түссе, электр энергияның бағасы да түсер еді», - деді қоғам белсендісі Киікбай Жақыпұлы Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ө.Бисақаев бір айға белгіленген норманың көлемін өзгерту мүмкіндігін құзырлы органдармен бірге қайта қарап, талдау жүргізіп, бір апта ішінде жауабын беруге уәде етті.Камшат ОҢҒАЛТАЙ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
P.S. Басқосудан түсірілген видеоны Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшамыздан көре аласыз. https://www.facebook.com/mangystaumedia/videos/2188401517874247/