Бұған дейін Ақтау қаласында үйді жәндіктерге қарсы улау барысында бір бала көз жұмып, екеуі ауруханаға жеткізілгенін жазғанбыз. Абайсызда болған оқиғаға қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті. Сұрақ-жауап алаңына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жанкелді Әубәкіров, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Кәмшат Тұрсынбекова, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллақызы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Жадыра Телеубергенова келді.
«26 қаңтарда жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасының инфекция бөліміне 6 және 3 жастағы екі бала әкелінді. Құсудың неден басталғанын сұрағанымызда айран ішкеннен кейін болғанын айтты. Алдын ала «тағамдық токсикоинфекция» деген күмәнді диагноз қойылды. 6 жастағы баланың жағдайы өте ауыр болды да бірден жан сақтау бөліміне жатқызылды», - дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Кәмшат Тұрсынбекова.
Дәрігердің айтуынша, баланың клиникасы болжанған диагнозға ұқсамағандықтан, анасына жақындарынан, көршілерінен сұрастыруды өтінген. Ол көршісіне хабарласқанда астыңғы қабаттағы екі пәтерде улану жүргізілгенін білген.
«Содан кейін алдын ала диагнозы өзгертіліп, «химиялық заттан токсинді улану» диагнозымен әрі қарай ем жүргізілді. Ал екінші баланы педиатрия бөліміне жатқыздық. Анықтап сұрау барысында үйде тағы бір баланың барын және оның да әлсіз жағдайда екенін біліп, ауруханаға алдырдық. Бұл балаларда әлсіздік, тәбеттің болмауы байқалды, бірнеше күн бақылауда болып, үйге шығарылды. 6 жастағы бала барлық қажетті емі жасалып, аппаратқа да салынды. Бірақ уланудың терең белгілері болғандықтан, ешқандай емнің әсері болған жоқ. Соңында осындай жағдайға әкелді», - дейді дәрігер.
Мамандардың айтуынша, дезинфекциялау зардап шеккен жанұяның үйінің астыңғы қабатындағы қос пәтерде жүргізілген.
https://www.youtube.com/watch?v=iu5NSZ91h0Y&feature=youtu.be«47-пәтердің тұрғындары үйді өздері улаған, ал 48-пәтерді жеке кәсіпкер «Актамбаев» дезинфекциялаған», - дейді қала әкімінің орынбасары Ж.Әубәкіров.
«2019 жылдың 27 қаңтарында МО қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан шұғыл хабарлама келіп түсті. 3,4 жастағы екі баланың уланғаны және бір баланың өлім жағдайы тіркелді. Хабарлама келген сәттен бастап біздің мамандар эпидемиологиялық тексерулер жүргізді. Нәтижесінде 13 шағынаудандағы 2 пәтерде жәндіктерге қарсы улау жұмыстарын жасағаны анықталды. Бірінші пәтер жәндіктерге қарсы улы препаратты өздері сатып алған. Келесі пәтер жеке кәсіпкердің көмегімен дезинфекциялаған. Бұл екі үйдің де ауасынан сынамалар алынды. Қазір комиссиялық тексерулер жүргізілуде», - деді департаменттің бөлім басшысы.
Оның сөзінше, жеке кәсіпкер рұқсат етілген, токсинсіз агран препаратын қолданса, өз бетінше дезинфекция жүргізген үйде қандай түрі қолданылғаны белгісіз.
https://www.youtube.com/watch?v=qduP1XvE2qM&feature=youtu.be"Қалада 69 ПИК бар. Өкінішке қарай оперативті штатқа барлығы емес, шамамен 40-50-дейі келеді. Тұрғындардың сауалдарын, арыз-шағымдарын қарасытармыз. Оперативті штат тұрғындардың мәселелерін күнделікті талқылап, мүмкіндігінше шешіп беру мақсатында жұмыс істейді. Ал "басқарушы органдарға ескертпей, хабарлаусыз қандала улады" деген мәндегі шағым түскен жоқ", - дейді Ж.Әубәкіров.
Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
«Қазіргі таңда балалардың жеке тұрғын үйге дезинфекция жасау салдарынан уланғаны белгілі болып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды»,- деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Ибатуллақызы. Қазір аталған үйдің тұрғындарынан сауалнама жүргізіліп жатыр.
Мамандар оқыс оқиғаның неден болғаны, балалардың нақты неден уланғаны сот медициналық тексерудің қортындысынан соң белгілі болатынын жеткізді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА