©
2013 жылы Қылмыстық кодекстің 308-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 566 300 теңге айыппұл салынған жол полициясының екі инспекторы ақталды. Ақтау үкімін Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасы шығарды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сотталған екі азамат Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы қызметінде жұмыс жасаған. Олар 2013 жылы 15 наурызда түнгі сағат 03.15 шамасында Жаңаөзен қаласында кезекшілік атқарып жүріп, жол ережесін бұзған «Лексус» автокөлігін тоқтатқан. Инспекторлар көлік жүргізушісінің қауіпсіздік белбеуін тақпай көлік жүргізгенін, оның көлік басқаруға құжаты жоқ екендігін, алкогольдік масаң күйде болғанын анықтаған. Ал жүргізуші полицейлерге тіл тигізіп, балағаттап, олардың заңды талаптарына бағынудан қасақана бас тартқан. Наркологиялық қорытынды актісінің негізінде жүргізушіге бірнеше баппен әкімшілік хаттама толтырылып, инспекторлардың рапорты негізінде оның жеке басын анықтау үшін «Арнаулы қабылдау бөліміне» қамауға алынған. "2013 жылдың 22 шілдесінде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен екі инспектор мемлекеттік қызмет атқаруға уәкілетті тұлға бола тұра құқығы мен өкілетін шектен асыра қолданғаны, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін бұзатын әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп танылған", - деп мәлімдеді сот өкілдері. Яғни айыптау үкімін қабылдау үшін жүргізушінің заңсыз қамауда болғаны және алкоголдік ішімдік ішкені туралы заңсыз акті алынғаны негіз болған. "ҚР Жоғарғы Соты Төрағасы соттың инспекторларға қатысты кінәсіздік презумпциясы жөніндегі конституциялық қағидаттарды, қылмыстық-процестік нормаларды бұза отырып, айыптау жағының пайдасына шешкен, дәлелдемелерді біржақты бағалаған деп шешті. Осылайша барлық сатының айыптау туралы сот актілерінің күшін жою туралы ұсынып келтіріп, қылмыстық іс апелляциялық сатыда жаңадан қаралған", - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық соты. Осылайша екі инспектор Қылмыстық кодекстің (ескі нұсқада) 308-бабы 2-бөлігіндегі қылмыстық әрекеттерді жасауда кінәсіз деп танылып, осы баппен ақталды. Енді қос инспектордың жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін келтiрiлген зиянды өтеткізуге құқы бар. Ол Қылмыстық процестік кодекстің 37-42 баптарында көрсетілген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.