Кеше Тұщыбек ауылында жастар жылына орай "Ауылдар - Жастар астанасы" жобасы аясында халықаралық құсбегілер сайысының жеңімпазы маңғыстаулық Айшуақ Тайманов өзінің шеберлік сабағын өткізді. Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесуге 30-ға жуық ауыл жастары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Шеберлік сабағында Айшуақ Тайманов жастарға көрсету үшін өзінің бүркітін, қаршығасы мен ителгісін алып келді. Құстарды күтіп бағу мен ұстаудың әдісін үйретті. Құсбегілікке қажетті биялай, томаға, саптаяқ, шыжым, жемқалта, шырға, балдақ, балақбау сынды бұйымдар жөнінде кеңінен айтып түсіндірді. Саятшылықта қолданатын құрал-саймандарын таныстырды. Ауыл жастарын далаға шығарып, бүркітті ұшырып көрсетті. «Маңғыстау облысында бүркіттің қарашегір мен сарышуда деген түрлері кездеседі. Жиі кездесетіні сарышуда екен. Оның желке тұсы сары болғандықтан солай атап кеткен. Бүркітті аңға салу үшін де үйрету қажет. Алдымен балапан кезінде шырғаның (түлкінің терісі) басына ғана етті байлайсың, сонда қарсылық білдірсе де жібермейтін епті құс болады», - дейді Айшуақ Тайманов. Жастар шеберлік сабағында өздерінің қызықтырған сауалдарын қойды. Айшуақпен бірге ауылдасы белгілі суретші әрі құсбегі Ертіс Есжанов та қатысып, кеңестерін ортаға салды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат еткен шеберлік сағаты бір жарым сағатқа созылды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70617,70616,70614"] «Бүгін мен 18-19 ғасырдың тұрмыс-тіршілігін көріп келгендей болдым. Осындай ұлттық өнерді ұлықтап, ұйымдастырушылық еткен Жастар орталығының ұжымына алғысымды білдіремін», - дейді Тұшыбек ауылының тұрғыны Азамат Қапаров. Сонымен қатар Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Аллаберген Қонарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта бұндай шараны әлі де ұйымдастырмақ ниетте. Айта кетелік, біз бұған дейін сайтымызда Айшуақ Тайманов Тұщыбек ауылында шеберлік сабағын өткізетінін жариялағанбыз. «Құсбегілікпен айналысу көп еңбекті қажет етеді. Бүркіт ұшып-қонып жүретін, кеңістікті сүйетін құс. Оны табиғатқа шығарып, үнемі ұшырып тұрған жөн», — деген еді Айшуақ Тайманов.
Ақкенже БЕРКЕНОВА