Рахат – Жаңаөзендегі қала ірегесіндегі ең жас ауыл. Ауыл атанғанына жаңа ғана бесінші жылға аяқ басты. Дегенмен бұл ауыл – негізгі іргетасы қала арқылы қаланған елдімекен. Осы ғасырдың басында «саяжай» деп аталған да осы ауыл. Сәл кейінерек «Рахат» шағынауданы деген атқа ие болды. Жан-жақтан қандас бауырларымыз лек-лек болып көшіп келіп қоныстанып, саяжай қанатын кеңге жая бастады. Халық көбейіп, көлемі ұлғайғасын «Рахат-1» және «Рахат-2» шағынауданы деп аталды. Оралмандар оралған сайын қала тұрғындарының саяжайы, бір-біріне аттары ұқсас қос шағынаудан даму жолына түсті. Қаладан Қызылсай, Құланды ауылдарына баратын және «Рахат-1», «Рахат-2» шағынаудандарын бөліп тұрған жолдар күрделі жөндеулерден өтіп, асфальттанып, екі жағына халық қоныстана бастады. Табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су құбырлары жедел тартылды. Байланыс желілері тартылды. Мектеп, балабақша құрылыстары қарқынды жүргізілді. Дүкен, дәріхана, наубайхана, мейрамхана, тігін шеберханасы, әртүрлі сауда нүктелері, көлік жөндейтін, техникалық қызмет көрсету орталықтары сияқты басқа да түрлі кәсіпкерлік нысан тұрғындардың өз күштімен тұрғызылып жатты. Олар әлге дейін салынып жатыр. Біріншіден, олар халыққа өз қызметін ұсынса, екіншіден – сәулетті ғимараттарымен көше келбетінің көркеюіне өзіндік үлесін қосуда. Көшелердің көпшілігі самаладай жарқырап, күн мен түннің айырмашылығын азайта түсуде. Политехникалық колледж, мешіт, №3 қалалық емхана да елдің мүддесі үшін қызмет етеді. Екіншіден, бұлар да көше келбетінің көркіне көрік қосып тұр. Үшіншіден, өз мүмкіндігіне қарап, адамдарды, оның ішінде дипломды мамандарды жұмыспен қамтып, көшеде сенделіп жүргендердің қатарын кемітуге үлес қосуда. Мемлекет басшысы арнайы квота бөліп, қандастарды елге шақырғасын Отанға оралған бауырлардың қатары қалыңдай түсті. Соның нәтижесінде бұрынғы «Рахат-1» және «Рахат-2» шағынаудандарына «Рахат-3» және «Рахат-4» шағынаудандары қосылып, Жаңаөзен қаласы Қарақия ауданының шекарасына бір-ақ тірелді. Сол кездегі қала мен облыс басшылары бес саусақ бірігіп, жұдырық болып жұмылса, күш жиналып, қуаттырақ болатынын сезсе керек. Төрт шағынаудан қосылып, өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтеріп, ауыл пайда болды. Бұл 2014 жыл болатын. Туу туралы куәліктерін жеке куәлікке өзгерткендей бұрынғы «Рахат-1» шағынауданына «Рахат» деп, «Рахат-2»-ге «Ақсу» деп, «Рахат-3»-ке «Жұлдыз», «Рахат-4» шағынауданына «Мерей» деп жеке-жеке есім берді. Ал ауыл әуелден қарашаңырақ, іргедегі қаладан нәр алған бұрынғы «Саяжай» - «Рахат» атағын иемденіп қалды. Ауылдың іргетасын қалап, ұйымдастыру жұмысын шеберлікпен жүргізген іскер азамат, осы елдімекеннің тұңғыш әкімі – Сейітжан Исаберген. Оның денсаулығы орта жолда сыр беріп, зейнеткерлік жасқа жетпей-ақ емделу үшін өз еркімен жұмыстан босады. Бүгінгі таңда осы Рахат ауылында 40 300 адам тұрады. Өсім қарқынын мына бір деректен де айқын аңғаруға болатын секілді. Мысалы, «Өмір бар жерде - өлім бар» дегендей былтыр ауылда жалпы 117 адам дүниеден өтсе, 1404 нәресте дүниеге келіпті. Ауылдағы №5 орта мектепте 613 педагог 9330 балаға жалықпай ұстаздық етуде. Бұрынғы үш мемлекеттік балабақша бүгінде «Рахат бөбекжай-бақша» болып қайта құрылымдалған. Онда 943 бала болып, оларды тәрбиелеу жолында 91 қызметші еңбек ететін көрінеді. Ауыл аймағында былтыр 250 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар №3 емхана пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауда осы емхана мен жедел жәрдем бөлімінде 28 дәрігер және 123 медициналық қызметкер еңбек етеді. «Дипломмен – ауылға!» әлеуметтік бағдарламасы бойынша «Рахат» емханасына 6 дәрігер жұмысқа орналасқан. Міне, осындай деректерге сүйеніп, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдігін пайдаланып, барлық сала бойынша мысалдар келтіріліп, шолу жасап дайындалған ауыл әкімінің міндетін атқарушы Өсербай Табыншаевтың қысқаша баяндамасы тыңдалды. Мұнан кейін әдеттегідей «Жаңаөзен қаласындағы 2018 жылдың қортындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы тұрған міндеттері туралы» шаһар басшысы Әділбек Дауылбаев баяндама жасап, ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Екі әкімнің де есепті баяндамалары аяқталудан жазбаша келіп түскен өтініш, пікір, ұсыныс, тілектерге қала әкімі жауап бере бастады. Ауыл тұрғындарынан жалпы 13 сұрақ келіп түсіпті. Бұл ауыл халқының да сұрақтарының негізгі дені Қызылсай мен Теңге ауылы тұрғындары берген сұрақтармен бірдей. Себебі қайсы ауылдың болса да мұң мен мұқтажы, өтініш пен тілегі, ұсыныс пен пікірлері, жалпы күнделікті тірліктегі проблемалары бірімен-бірі қабысып жатыр. «Рахаттың» «Алмалы», «Жемісті» көшелеріндегі электр шамдары үшін бағаналар орнату, кейбірін ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылмақ. Құланды тасжолы мен «Бәйтерек» мейрамханасы тұсындағы және «Мерей» шағынауданындағы 46-көше қиылыстарына бағдаршам орнату «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Жүсіп Көккөзовке тапсырылды. «Нұр ислам» мешітінің айналасын абаттандырып, көгалдандыру үшін тиісті құжаттарды жасақтау «Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы Мекен Үйсеновтің міндетіне жүктелді. Ауылдағы «Жұлдыз», «Мерей» шағынаудандарына «Халық банк» және kaspi bahk банкоматтары және терминалдарын орнатумен шұғылдануды «Қазақстан халық банк» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалының басқарушысы Гүлжаһан Бәйтерековаға тапсырылды. Г.Бәйтерекова ханым ауыл әкімдігі тарапынан тиісті талаптар атқарылса банкомат орнатуға болатынын мәлімдеді. «Ақсу», «Мерей» шағындаудандарын телефон желісін тарту мәселесі бойынша жасалып, мерзімі өтіп кеткен сметалық құжаттарын қайта жаңалап, қаржы қарастырылып, жұмыстарды жандандыру тиісті мекемелерге тапсырылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарынан келіп түскен сұрақтардың ішіндегі жаяу жүргіншілер жолын салу, маршруттағы Газельдерді автобустарға ауыстыру туралы сұрақтарына да қала әкімі тарапынан тиянақты жауап алды. Ббылтыр Елбасы қатаң тапсырып, айылын жимай келе жатқан монополистерге тарифтік бағаны арзандатуды талап еткен. Әйтсе де үш ауылдың тұрғындары Жаңаөзенде электр энергиясы бағасының небәрі 1 теңге 79 тиынға арзандағанына риза еместігін білдіріп жатты. Оны халық күнделікті қолданып отырған «көгілдір отынның» тарифтік құнының өзгермегендігінен айқын аңғаруда. Олар жаңа жылдың алғашқы айы аяқталса да сол бұрынғы 10 теңге 31 тиындық ескі тарифтен тапжылмай тұр. Қайта керісінше, «Көтере алмасаң, қосып арқала» дегендей ішінара елдің жаққан газына қосып жазып, арада алынып тасталған әніне қайта басып, «коэффицент» деген желеуін өткен жылдың жазынан бері қайта қосып, тұрғындарды титықтата түсуде. Әрине бұл орынды наразылық тудыруда. «РКЦУ-Ақтаудың» Жаңаөзендегі бөліміне барып, мән-жайды сұрасаң «Біздің Ақтаудағы бастығымыздан тарифті арзандату туралы қағаз жүзінде тапсырма келген жоқ. Біз сол кісіге бағынамыз. Мүмкін ақпан айында келіп қалар», - деп екіұштылау жауап береді. Осылайша жазбаша сұрақтарға жауап беріп болған қала әкімі залдан ауызша сұрақ беретіндерді бірауық күтіп қалды. Бірақ бір тұрғыннан басқа ешкімнен ауызша сұрақ түспеді. Ол да ауыл көшелеріндегі кейбір асфальт жолдар мен автокөліктерге құятын газ бағасының алақұлалығы, яғни әр жерде неге әртүрлі екендігін сұрады. Бұған да «Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің» басшысы Жібек Бекова үйреншікті жауабын көлденең тарта қойды. «Тағы кімде қандай сұрақ бар?» дегенде залдағы жұрт жапырлай қол соқты. Бақсақ, бұл «сұрақ жоқ» деген белгі екен. Бұған өзгелер де, өзімізде таң қалдық. Себебі ың-шыңсыз, дау-дамайсыз, тып-тыныш өткен кездесуді көптен бері көргеніміз осы. Тек микрофон қолына әзер іліккен ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Мектепбай Өтешов қала бойынша да, ауылдағы да өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қанағаттанарлы деп бағалап, биылғы істеріне сәттілік тіледі. Сөйтіп Рахат ауылындағы тып-тыныш, жым-жырт өткен рахат кездесудің сыры мен себептеріне үңілдік. Бұл ауылдың әкімі Өсербай Табыншаев та былтыр 6 желтоқсан күні осы ауылдың басшылығына сайланған. Мамандығы – мұғалім. Бірақ ұстаздық жолының көпшілік бөлігі басшылық жұмыстар да өтті. 3-4 мектепте директор, одан соң қалалық білім бөлімі басшысының орынбасарлығы қызметін де атқарды. Көпшілікпен жұмыс істесуге қабілеті жететін, тәжірибесі толысқан тұста осы Рахат ауылына басшылыққа келді. Әрі осы ауылдағы №18 орта мектепке жетекшілік те еткен. Демек, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсы біледі. Үгіт-насихат жұмыстарының пәрменділігін арттыру арқылы нәтижеге қол жеткізудің тиімді әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген. Сондықтан «Әкім бол, әкім болсаң – халқыңа жақын бол!» деген ұстаныммен күнделікті жұмыстарды тиянақты ұйымдастыруға көңіл бөлді. Алғашқы күннен-ақ әкімнің жұмсақ орындығына қонжиып, бұйығылыққа беріліп, қалғып-мүлгіп, маужырап отырмастан, ауыл аралауға кіріседі. Ауылдағы 5 орта мектептегі ата-аналар жиналысына қатысып, 1300-дей ауыл тұрғынымен жүздесіп, Елбасы мен ҚР Үкіметінің күнделікті саясатын түсіндіріп, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Жәй ғана пікірлесіп қоймастан кездесулерінің тиімді тұстары мен үгіттеуші роликтерді әлеуметтік желілерден үздіксіз жариялап отырды. Себебі, үгіт (грекше agitatio – қозғалысқа салу) – бұқара халыққа саяси әсер ету, белгілі бір мақсатқа бағыттау құралы. Үгіт көпшілікті белсенді әрекетке итермейтін белгілі бір идеяны, ұранды тарату арқылы көрінеді.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы