Сайын Шапағатов ауылы - Тәуелсіздік алғаннан кейін соңғы 10 жылда құрылған ауыл. Жас ауылдың өзінде бүгінгі таңда 5045 адам тұрады. Ауыл әкімі Ғабиден Нұржаубай тұрғындар алдындағы есебін №1 Ғұбайдолла Айдаров атындағы мектеп-лицейінде өткізді. Ауылдық округтің қарқынды дамуын онда кәсіпкерлік нысандардың көптеп салынуынан байқауға болады. Бүгінде ауылда 81 кәсіпкерлік нысан, оның ішінде 1 сүт зауыты, 3 кафе, 3 наубайхана, 5 шағын маркет, 39 азық-түлік дүкені, 5 киім дүкені, 4 дәріхана,7 шаштараз және әсемдік салондары, 1 пластик цехы, 4 құрылыс материалдары дүкені, 5 газ құю бекеті, 3 оқу орталығы, 1 көлік жуу орталығы бар. - Кәсіпкерлік саласындағы жұмысшылар саны 189 адамды құрайды. Одан бөлек ауылдың теңіз жағалауына аквапарк салу, демалыс орнын ашу және IV кварталдан 50 орындық балабақша, Қалипан жерінен жылыжай шаруашылығын салу, құс фабрикасын ашу да жеке кәсіпкерлердің арқасында жүзеге аспақ. Ауылдық округтің V кварталынан 600 орынды мектеп құрылысы аяқталып, Сайын Шапағатов мектеп-гимназиясы 1 қыркүйекте жаңа оқу жылында жұмысын бастады. Ауыл 100% ауыз сумен қамтылған: оның 80%-ы құбыр арқылы, 20%-ы тасымалдау арқылы. Ауылдағы V кварталдың жеке тұрғын үйлерін газдандыру жұмыстары аяқталып, келісімшарттағы уақытынан бұрын пайдалануға берілді. VI кварталдағы жаңадан салынған жеке тұрғын үйлерге газ құбырын тарту жұмыстарына ЖСҚ жасақталып, 2017 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынды. Жоба құны 2 565 469,0 мың теңге. Биыл республикалық бюджетке өтінім берілді. Қаражаты 2019 жылдан бастап жұмысын бастауға жоспарда тұр, - дейді ауыл әкімі есебінде. Сайын Шапағатов ауылдық округінің жаңа тұрғын үйлерін газбен қамту - бүгінгі таңдағы күрделі мәселелердің бірі. – Тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін сұрап жер кезегінде 9422 адам тіркеуде тұр. Бұл дегеніңіз ауыл көлемі бұрынғыдан да өсетінін көрсетеді. Бірақ жер телімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қажетті инженерлік инфрақұрылым мен жер алқаптары дайын болуына қарай кезегімен беріледі. Оған дейін ауылдағы барлық үйді қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселесін шешуде жұмыстанамыз. Ашығын айтқанда, биыл да тұрғындар мәселесін толық шешу мүмкін емес. 2020-21 жылдары ғана толық нәтиже болатынына сендіремін, - деді Түпақараған ауданы әкімі А.Хамиев газ құбыры тартылмаған көшелердің тұрғындарына. Жол бойын жарықтандыру, тас жол, қатқыл жол салу, аялдама жоқтығы мен тасымал мәселесі де осы ауылда. Осы мәселелерді кезек-кезегімен шешу де күн тәртібіндегі жұмыс екендігін аудан әкімі айтып өтті. Одан бөлек тұрғындар ауаның ластануына да шағымды. «Доңға» өндіріс орнының экологиялық зардаптарды болдырмауда ережелерінің сақталуына күмән келтірген тұрғындар аудан әкімінен осы мекемеге тексеріс жүргізуін сұрады. Жиын соңында ауылдың көркеюіне үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА