Маңғыстауда экология талабын бұзған 88 табиғат пайдаланушыға 30 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкенов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «2018 жылы департамент тарапынан облыстағы табиғат пайдаланушыларға 56 тексеру жүргізілді. Оның 8-і жоспарлы, 45-і жоспардан тыс және 3-і бақылаудың өзге де нысаны бойынша. Нәтижесінде экологиялық заң талаптарын бұзудың 88 фактісі анықталды. Кінәлі тұлғаларға шамамен 30 млрд. теңге көлемінде 142 әкімшілік іс қозғалды», - дейді Руслан Кәрімұлы. Бүгінгі таңда салынған айыппұлдардың 61,4 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндіріліп, қалған 29,7 млрд теңгені мемлекет пайдасына өндіру бағытындағы құжаттар заң орындарында қаралып жатыр. «Сонымен қатар экологиялық заңнама талаптарын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында Департамент тарапынан 853,045 млн теңгеге қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 65 нұсқама берілді. Қазіргі таңда мемлекет пайдасына 311,2 млн. теңгесі өндірілді, ал қалған соммалар мәжбүрлеп өндіру үшін сот органдарында қаралуда», - деді Р.Төкенов. 2018 жылы жүргізілген тексерістен соң эмиссияларға рұқсат алмай, қоршаған ортаға келтірілген зияны үшін 7 мекеменің өндіріс ошақтарының қызметі сот шешімдерімен тоқтатылған. (Олар – «СМК Атмекен», «Азиямунайгруппсервис», «Актаукерамзит», «Кис Актау», «Сирус Казахстан», «Цемен Бетон» және «Маңғыстаумунайгаз»). Сондай-ақ 2018 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тапсырысымен «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ космостық түсірілім жүргізген. «Нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша 151 жерде рұқсатсыз жатқан тұрмыстық қалдықтар анықталды. Ақтау қаласында – 58, Мұнайлы ауданында – 34, Түпқарағанда – 40 жер, сонымен қатар 19 жеке және заңды тұлғарға тиесілі жерлер. Космостық түсірілім елдімекен айналасынан 50 шақырым қашықтықты жүргізіледі. Осыған орай Департамент аталған жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті тазалау шараларын жүргізді. Нәтижесінде 48 жерде орналасқан тұрымыстық қалдықтар (Мұнайлы ауданы – 20, Түпқараған ауданы – 9, жеке және заңды тұлғар – 19) толығымен тазаланды. Бұл жұмыстар толығымен департамент бақылауында болып, түпкілікті жойылатын болады. Қорытындысын қосымша хабарлаймыз», - дейді Р.Төкенов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН