Бүгін маңғыстаулық нейрохирург қырқынан шықпаған сәбидің басына ота жасады. 2018 жылдың желтоқсанында ғана өмірге келген нәресте инсульт алыпты. Ол Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына санитарлық авиацияның көмегімен жеткізілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Сәби 2019 жылдың 9 қаңтарында Жетібай елді мекенінен Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасына өте ауыр жағдайда жеткізілді. Сәбиге "инсульттің салдарынан ми қанайналымы жүйесінің күрделі бұзылуы" деген диагноз қойылған", - деп атап өтті Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Азамат Сәрсенбаев.
Сонымен қатар, балада ауыр дәрежедегі қаназдық болған. Кішкентай бөбекке ота бір сағаттай жасалды. Отаны тәжірибелі нейрохирург Ербол Кенжевалов жасады. Сондай-ақ отаға ассистент хирург Насухан Отарғазиев пен анестезиолог Мереке Бекбаев қатысқан.
"Ербол Кенжевалов - балалардың миына ота жасайтын Маңғыстау облысындағы жалғыз нейрохирург. Ол 2012 жылдан бастап осындай күрделі операцияларды жасап келеді", - деді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
https://youtu.be/ET0L-vtivKUДәрігердің айтуынша, ота сәтті өткен. Миға жасалатын оталар күрделі болып саналғанымен, сәби қазір көзін ашып, ана сүтімен тамақтанып жатыр.
Айта кетелік, Маңғыстау облысында жылына осындай 15-20 күрделі ота жасалады екен.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттер мен видеоны МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69294,69290,69293"]