©
«Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі... Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды».
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда еліміздегі қасиетті нысандар тізімделіп, алғашқы кітапқа Маңғыстау облысынан 15 жалпыұлттық маңызы бар және 28 өңірлік маңызы бар қасиетті нысан енгізілген еді. Киелі объектілерімізді насихаттауға байланысты Маңғыстау облысының тарихи-мәдени қорығында «Маңғыстаудың қасиетті нысандары» тақырыбында жаңа жылжымалы көрме жасақталды, макросакралдық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енген Барақ Сатыбалдыұлы, Балуанияз Мүсірепұлы, Иса Тіленбайұлы және Досан Тәжіұлы батырлар жайында танымдық буклеттер дайындалды. Биыл республикалық «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының Батыс өңірлеріне арналған 2-томына киелі Маңғыстаудан тағы 32 қасиетті орын мен тарихи тұлға енді. Олардың қатарында Айдар ишан, Бүркіт ата, Айназар ата, Саназар әулие, Аманбай ата, Төлеген әулие тәрізді өлкенің діни-ғибадат ету нысандары, ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері Қарақия ойпаты, Жығылған, Торыш жерлері, Амантұрлы, Қармыс, Төремұрат батырлардың жатқан жерлері, облыс орталығындағы Тобанияз Әлниязұлы мен Жалау Мыңбайұлы ескерткіштері, сондай-ақ Адайдың бес жүйрігі саналатын Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған және Аралбай ақындарымыз да бар.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы ұлттық кодымызды сақтай отырып, әлемге өзімізді таныта білсек, «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы біз қазақ руханиятының құндылықтарын зерттеп-зерделеудің нақты жолдарын белгілейміз. Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған. Елбасы «Ұлы дала Əл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Əз-Тəуке мен Абылай, Кенесары мен Абай жəне басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге əкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деп атап көрсеткендей, қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе ұйымдастырушы болған, асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батырлары, ұлттың тұлғалары атанған. Қазіргі кең байтақ өлкеміз бен құтты қонысымызды батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттап қалдырды.
«Талай да талай ер өтті, халқының қамын жеп өтті..» демекші, Маңғыстау өңірінде де найза ұстаған батырлар мен от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен ақын-жыраулар аз болмаған. Ел үшін жанын қиған батырлардың есімі ел ұранына айналып, халық олардың аруақтарына табынған. Осы орайда, Ұлы дала тұлғаларына арналған бірнеше бөлімнен тұратын мақаланың бүгінгі санында елдің қорғаны болған батырларымыз туралы келесі деректерді назарларыңызға ұсынамыз.Атақозы батыр кесенесі - Бейнеу ауылынан 18 шақырым оңтүстік-батыс бағытта орналасқан.
Атақозы Айтқұлұлы (1704-1794) – аты аңызға айналған батыр, әрі айтулы би болған шешен адам. Атақозы туралы бірінші дерек В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ в.в.» атты еңбегінде айтылыпты. Онда қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр хан (Кіші жүз) және Барақ пен Есім сұлтандар бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онда Кіші жүз Адай батырларының ішінде Атақозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды. Осы жорықтың бел ортасында Атақозының болғандығын тарихшы-ғалым Ә. Хасеновтың «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде де көрсетіліпті. Атақозының патшалық орыс жерінде 1773-1775 жылдары патшалық Ресейде болған, қазақ-орыс Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне белсене қатысқандығы тарихтан белгілі.
Мұны «Ресейдегі Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысының 225 жылдығына орай Н.Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» атты еңбегінде көтеріліске қатысқандар тізімінде Атақозы есімі де тұр. Жаугершілік заманда туып, талай рет ел шетіне жау келгенде бойына бес қаруын асынып, қол бастаған батырдың артында «Қайткенде топтан торай шалдырмаймын, елімді бөтен жауға алдырмаймын» деген ұлағатты сөз қалған. Жергілікті ел арасында «Маңғыстаудың қара ойынан айладыр жұртын бостырған Айтқұл Атақозы батырдың сұсы, Жары Шотан батырдың мысы, Құнанорыс Лабақ палуанның күші, Ескелді Саназар байдың тіл таңбалы күрең атының тұяғының ұшы» деген сөздер қалған. Ол 1783-1797 жылдары болған Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске де белсене араласқан. Атақозы Маңғыстау аймағындағы қазақтарды басқарып, сол кезеңдегі кіші жүздің ханы Нұралының қарауында қызмет атқарған. Елден ханның түрлі салығын жинап тапсыруды бақылаған, сонымен бірге хан алдында елдің талап-тілектерін де жеткізіп отырған. 1785 жылы шілде айында жиналып бас қосқан кіші жүз қазақтарының игі-жақсылары Нұралы ханның екіжүзділігін айыптап, сол кездегі Ресей патшайымы ІІ Екатеринаға жазған талапхатқа кіші жүздің 21 руының өкілдері, барлығы 55 адамның қатарында Атақозы Айтқұлұлы, Өмір Сүйікұлы, Шотан Назарұлы батырлармен бірге Асан би де қолдарын қойған тарихи құжат сақталған. Дәрігер-ғалым, қоғам қайраткері Х.Досмұхамедов өзінің “Аламан” атты жинағында оның есімін қазақтың атақты билері қатарында атайды.
Қармыс батыр кесенесі - Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылынан 47 шақырым шығыс бағыттағы Қыземшек қорымында орналасқан. Қорымда 60-тан астам қабірүсті қойылымдары сақталған.
Қармыс батыр 1760-1840 жылдар аралығында өмір сүрген Маңғыстау өлкесі қазақтарының мақтанышы. Оның ерлігіне тәнті болған сөз зергерлерінің тұңғышы, бірегейі Халел Досмұхамедов деуге болады. Кезінде Қармыс батырдың өшпес ісін Қалнияз жырау өз дастанына арқау етсе, «Ер Қармыс» туындысы Х.Досмұхамедов арқасында 1908 жылы Уфа қаласында, 1924 жылы Ташкентте баспадан шықты. Ғалым Қабиболла Сыдиықұлының осы орайда «Ақберен» еңбегін атауға тұрарлық. Шығармадағы оқиға желісі ХІХ ғасырдың І жартысында түрікмен мен қазақ арасында жер мен жесір дауына байланысты өрбіген. Ұрысқа Қармыс пен Төлеп батыр бастаған Кіші жүз рулары қол жинап қарсы аттанады. 1840 ж. сол ұрыс кезінде айтулы халық батыры Қармыс «Қыземшек» төбесі іргесінде жау қолынан шейіт болады. Оның соңына ерген Төлеп батыр тұтқынға түскендер мен тоналған мал-мүліктерді қайтарып алады. Ер Қармыс туралы 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған жыр қолжазбасы Республикалық Ұлттық Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.
Төремұрат батыр кесенесі - Бейнеу ауылынан 25 шақырым оңтүстік-батыс бағытта, Үстірттің батыс шың-кемеріндегі Күйкен тауының шығысында 3 шақырым жерде орналасқан. Қорымдағы қабіртастарда байұлы, табын, адай руларының таңбалары бар.
Төремұрат Тайлыбекұлы - 1821–1863 жылдар аралығында өмір сүрген батыр. Атырау облысының Жылой ауданында дүниеге келген. Кіші жүздің таз руының жастабан тармағынан шыққан. Өтен, Нарынбай батырлардың үзеңгілес серігі болып, Ресей отаршыларына, түрікпен аламандарына қарсы соғыстарда ержүректігімен аты шыққан, қаһармандығы үшін таз руының ұранына айналған. Палуан, мерген, домбырашы ретінде де қадірленген. Түрмеден қашып шыққан ұлы күйші Құрманғазыны паналатып, қамқорлық көрсетеді. Құрманғазы Төремұратқа «Төремұрат», «Тас астау - тас дере», «Төремұраттың ақ арғымағы», т.б. күйлерін арнайды. Біреуге айттырылып қойылған, сүйген қызы Данай сұлуға үйленгені үшін елден қудаланып, Хиуа жұртына кетуге мәжбүр болған. Осылай халық арасында кең тараған «Қыз Данайдың күлкісі», «Қыз Данайдың жүрісі», «Қыз Данайдың ажары», «Қыз Данайдың шәй құйғаны» атты күйлері туындайды. Түрікпен аламандарымен соғысып, Күйкен тауы маңында қаза тапқан. Екі ғасырға жуық уақыт өткен соң Жылыойдағы рулы ел бабаларының құлпытасына батырды ардақтап, басына кесене тұрғызды.
Бердалы батыр-елші 1727-1770 жылдар аралығында өмір сүрген, Маңғыстау ауданы Жармыш ауылынан 36 шақырым шығыс бағытта жерленген. Ол Мұңалдың Жаулысының үш баласының бірі Ескелді руының Отар әулетінен тараған сегіз баласының бірі болған. 18 ғ. 20-жылдары жаңа қоныс іздеп, үдере көшкен адай елінің Маңғыстау жеріне қоныстанып, біржола иеленуі үшін көрші елдермен тату көршілік қатынасын орнату мәселелерін талдап шешуге Бердалы көп күш жұмсады. Жем бойының Бақашы деген жеріне уақытша қоныс жасап тоқтаған 60 үйлі адай арасынан ілгеріні шолып қайтуға үш кісі болып елшілікке жолға шығады. Ол кездері Маңғыстау жерінде түрікмен билеушілері дәуірлеп тұрды. Олар Маната үстінде, Отпан шоқысында, Шерқалада арнайы сақшылар ұстаған. Сақшылар Бердалы батырдың бітім тұлғасынан, сөз саптауынан қатты сескеніп, оны опат қылады. Бұл қиянатқа жәуміт Бектұрды-ишан қатты наразылық білдірген деседі. Бектұрды-ишан күзетшілерге «бекер өлтірдіңіз, елшіні өлтірмес болар, бұл кісі текке келген адам емес, бұл түбек енді бізге қоныс болмайды», «аманат» деп Үшкөзге қояды. Елшіні өлтіру көшпелілер танымында ауыр қылмыс саналған, Бердалының алғашқы нақақ құрбан болып, қаза табуына байланысты түрікпендер Маңғыстаудан осылай ығысқан делінеді. Жем бойында тұрған Саназар байға бір жылдан кейін, Бердалы түсіне еніп аян берген. Саназар (Атақозы, Кейкі, т.б. кісілермен бірге) Маңғыстауға келгесін сол аян-аманат бойынша Бердалының қабірін ашып, Үшкөздің жарқабағынан, Тамдының теріс жағындағы Қызыладыр биігіне қайта жерлепті. Қабірді ашқанда Бердалының мүрдесі еш бұзылмаған күйі жатыр екен дейді.
Құлбарақ батыр 1790-1832 жылдар арасында өмір сүрген, кесенесі Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан 36 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. Оның бейіті екеу, бірі Хиуадағы Махмұт палуан күмбезінде батырдың басы, ал екіншісі өзінің атымен аталатын Құлбарақ қорымында батырдың денесі жерленген.
Құлбарақ батыр - Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе жұртшылығына және Түркіменстан, Өзбекстан елдеріне танымал тұлға. Құлбарақ Табылдыұлының өмір сүрген кезеңі қазақ халқының басына зобалаң мен үлкен қайғы-қасірет әкелген аласапыран дәуір, жаугершілік заманына тап келеді. Аталары беріш Есболай батыр Маңғыстауға алғаш келіп қоныстанушылардың бірі. Жергілікті түрікмендермен қыз алысып, бейбіт қарым-қатынасты қалыптастырған. Құлбарақ - түрікменнің атақты Сүйін батырының жиені.
Құлбарақ батырдың ерлігі негізінен Хиуа хандығының аламан-қарақшыларынан ел қорғау ұрыстарында танылған. 1832 жылы қысында Хиуа ханы Аллақұл Маңғыстауға 3 мың қол аттандырады. Абыл ақын өз жырында, яғни Қырғынсай деген жерде болған оқиғаны ерекше сипаттайды. Осы қақтығыста түркмендер “Сүйінғараның басын алып келіңдер” деген Аллақұл ханның жарлығын орындаймын деп жүріп, Сүйінғара мен Құлбарақты шатастырып алғандықтан, Құлбарақ батырдың басын кесіп алып кетіпті. Аңыз бойынша, басты хан алдына әкеліп көрсеткенде әлгі бас миығынан күліпті. Сол жерде бұрыннан оны білетін, батырлығын бағалайтын хан басты құрметпен жерлеуге әмір етеді.
Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасиетті жерімізді, халқы мен Отанын қорғаған батырдың ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Батыр туралы тарихи деректер маржан сөздің жауһарлары - Абыл, Мұрат Мөңкеұлы секілді ақындардың еңбектері арқасында осы күнге жеткізілді.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Нұрсәуле Дауымшарова,
Пайдаланған әдебиеттер: “Қазақ Энциклопедиясы”, VI-том, Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997