Ақтауда қаладағы ПИК-тер мен барлық коммуналдық мекемелердiң ɵкiлдерi қатысуымен жедел штабтың отырысы ɵтті. Жиынды Ақтау қаласы әкімінің коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы мәселелері бойынша орынбасары Жангелді Әубәкіров жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Басқосуда екі мәселе көтерілді. Олардың алғашқысы – биылдан бастап габаритті тұрмыстық қалдықтарды шығаруға бюджеттен ақша бөлінбейтіндігі.
«Басқарушы компаниялардың алдында үй жиһазы, құрылыс материалдары сияқты ірі қоқыстарды шығаратын компанияларды тауып, олармен шарт жасасу міндеті тұр. Осы шартты 10 күннің ішінде ұсыну керек. Бірақ үлкен қоқыстарды шығару жалпы коммуналдық қызметтің бағасына әсер етпеуі тиіс. Яғни, тарифтер көтерілмеуі керек», - деді Жангелді Әубәкіров.
Сонымен қатар, әкімнің орынбасары ПИК-тердің тарифі қалай қалыптасатыны белгісіз қалып отырғанын айтты. Әкімдік ПИК иелерінен келесі кездесуде сол соманы ашып көрсетуді сұрады. Сондай-ақ тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелердегі штат саны туралы мәселе қозғалды. Ақтау қалалық әкімдігі штат санын мүлдем көрсетпей немесе жартылай көрсетіп отырған пәтерлерді басқарушы компанияларға тоқталды.
Мысалы, «Рэп» компаниясының бас инженері ПИК-те 36 адамның жұмыс жасағанын айтса, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі қазынаға бұл мекемеден әлеуметтік салық та, жеке табыс салығы да, корпоративтік табыс салығы да түспей отырғанын айтты. Дәл сондай жағдай «Комфорт-строй Ақтау» ЖШС, ЖК «Жұматаев», «Ақтау арна» ЖШС», «Бақыт» ЖШС, 28 «а» шағынауданның ПИК, «Ақтау аманат», «Ақтау алимат құрылыс» сияқты ПИК-терде бар.
«Барлық 69 ПИК-тің 60 пайыздан астамы салық есебін тапсырмай отыр», - деді Жангелді Әубәкіров.
«Құжаттарымыз дұрыс, салығымызды толық төлеп отырмыз» деген ПИК басшылары қала әкімінің орынбасары Кірістер департаментіне барып, мәселенің мән-жайын анықтауды ұсынды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69252,69260,69247,69248,69249,69251,69253"]