Бүгін Мұнайлы ауданының Айрақты және Шерқала тұрғын үй массиві арасында жол-көлік оқиғасы болды. Жүргізуші "BMW" маркалы автокөлігін басқара алмауының салдарынан жол бойында орналасқан бағанаға соғылған,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға бүгін таңғы сағат 4.30 шамасында Айрақты және Шерқала тұрғын үй массиві арасындағы орталық жолда болды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610 бабына сәйкес хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды. Қаза болғандар жоқ. Шыққан шығынның орнын көліктің иесі өтейді. Жол-көлік оқиғаға қатысты толтырылған хаттама сотқа жолданады.
Айта кетелік, бұндай жол-көлік оқиғасы Айрақты және Шерқала тұрғын үй массивтері арасындағы орталық жолда алғашқы рет болған жоқ. Бұған дейін 7 қаңтарда таңғы сағат 6.50-де жүргізуші "Тойота RAVE4" маркалы көлігін басқара алмай бағанаға соққан. Жол-көлік оқиғасында жапа шеккендер жоқ.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Көрнекі сурет Алаш айнасы сайтынан алынды