©
Күні кеше әлеуметтік желілерде өзін Қарағандыда болған оқиға бойынша күдікті ретінде халықаралық іздеу жарияланған Нарек Гурурянмын деп таныстырған азаматтың видео мәлімдемесі жарияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ол видеожазбада төбелеске қатысқанымен, ешкімді өлтірмегенін, істеген ісіне жауап беруге дайын екендігін айтты.
"Қазақстан билігіне берілуге дайынмын және биліктен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және ашық тергеу жүргізуін сұраймын. Мен өз ісім үшін жауап беруге дайынмын, бірақ біреудің қылмысын мойныма алмаймын. Мен кісі өлтіруші емеспін", - деді ол.
https://youtu.be/U6ea-x1f6wwБүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағандыдағы төбелес бойынша күдіктінің видео мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
«Қазір Қарағандыда 23 жастағы ер азаматты өлтірді және бұзақылық іс-әрекеттер жасады деген күдікпен 8 адам қамауға алынып, Гурурян есімді күдіктіге іздеу салынды. Іздеу барысында бір топ полиция қызметкері оның болуы мүмкін деген жерге кетті. Желіде іздеудегі азаматтың берілуге дайын екендігі туралы мәлімдемесінің пайда болуына байланысты, оның туыстарына 2 күн бұрын қызметкерлеріміздің байланыс телефондары берілді. Бірақ әлі күнге дейін ешкім хабарласқан жоқ», - деп атап өтті ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев.
Сонымен қатар, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі іске жан-жақты тергеу жүргізілетініне кепілдік беріп, азамат Гурурянның істі ауырлататын мән-жайлардың тууына жол бермес үшін полиция қызметкерлеріне өз еркімен берілуді ұсынды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Айта кетелік, 2019 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» мейрамханасында екі топ арасында төбелес болып, бір жігіт қаза тауып, үшеуі түрлі дәрежедегі пышақ жарақатын алған еді.
Осы жайттан кейін қарағандылықтар істің дұрыс тергелуін сұрап, полиция департаментінің алдына жиналған еді. Жиналғандармен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов кездесіп, аталған процестің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді.
Сондай-ақ Азаттықтың хабарлауынша, осы оқиға бойынша Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян өз ойын айтты.
"Марқұмның жақындарына көңіл айтамын және бұл оқиғада ұлтаралық сипат жоқ екенін баса айтқым келеді. Маған жеткен ақпарат бойынша, төбелескендер әр ұлттың өкілі болған. Төбелескендер арасында қазақ та болған. Бұл төбелесте ұлтаралық араздық болды дей алмаймын", - деді ол.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Видео әлеуметтік желілерден алынды