Бүгін 6 қаңтар 2019 жылы сағат 10.00-де Қарағандыда билік өкілдері «Древний Рим» мейрамханасында орын алған жанжал кезінде көз жұмған жігіттің жақындарымен кездесті. Кездесу барысында тергеудің жүргізілуі жайлы түсініктемелер берілді. Бұл ақпаратты Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өз сайтында таратты, - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты.
Әкімдіктің хабарлауынша, полиция департаментінің алдында 200-230 адам жиналған, кездесу барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген.
"Жиналғандардың алдында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, тергеудің барысы жайлы және алдағы уақытта іске асырылатын шаралар туралы толық ақпарат берді. Әкім тергеу шараларының ҚР Бас прокурорының жеке бақылауына алынғандығын және барлық кінәлі тұлғалардың жазаланатынын қадап айтты", - делінген ақпаратта.
Қарағанды облысының әкімі жұртшылық алдында аталған процесстің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан ҚР Қылмыстық кодексінің адам өлтіру және бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда 9 қатысушы анықталды, оның 8 тұтқынға алынды, 1-еуі халықаралық іздестіруге жарияланды.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, жанжал екі топ арасында болған және ұлтаралық сипат алмаған.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша жалған ақпарат тарату - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, 7 жылға дейінбас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеміз", - делінген хабарламада.