Былтыр тамыз айында Каспий жағалауы елдерінің бірлескен бесінші саммиті Ақтау қаласында жоғары деңгейде өткені жұртқа аян. Саммит қарсаңында қаланы, теңіз жағалауын көркейту мақсатында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілген еді. Соның бірі, біз сөз еткелі отырған - теңіз жағалауын бойлай 1450 метрге созылып жатқан «Жартастағы соқпақ».
Әсемдігі тұрғысынан әрине, сөз жоқ. Құрылысты атқарған «Нұрсат» ЖШС-не жұрт дән риза. Тарихтан сыр шертер балбалтас мүсіндерінен бастап, соңғы үлгідегі жарықшамдармен де безендіріліп, табан астына тас та төселген. Қала халқы айтылған жаймен толық таныс екені айтпаса да белгілі.
Қыс мезгілі келер уақытта тартылған электр сымдарында тұйықталу болды ма, әйтеуір жағалау бойы бір өртке оранды. Төтенше жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өрт болған аумаққа өзі барып танысып, мәселенің жай-жапсарына қанық болған. Қош, бірнеше тапсырмадан соң тиісті жұмыстар жасалып жатқанын көзімізбен көрдік.
https://youtu.be/UGKz4JZxlY0Енді кеше ғана 4-інші шағынаудан тұсындағы жартастың астыңғы бөлігі опырылып түсті. Абырой болғанда жапа шеккен жан жоқ. Ескерер жайт – жаз маусымында жартастарға жүргізіліп жатқан құрылыс кезінде, сәулет өнерінен хабары мол кісінің «Абайламаса, жартастар уақыт өте келе құлауы мүмкін» дегенін құлағымыз шалып та қалды. Оқиға орнына кештетіп болса да мән-жайға қанығу үшін барғанымызда жартастың не себепті опырылып түскенін немесе қалай орын алғанын айтар бір жан таппадық. Ақтау қалалық әкімдігіне қарасты «Қала жолдары» ЖШС-нің техникасы мен ондаған жұмысшысы құлаған тастарды жинап әлек. Ақтау қалалық әкімдігіне хабарласқанымызда «нысан біздің балансымызда емес» деді.
Тағы толғандырған нәрсе – жартас маңына жақын баруға болмайды деп жазылған тақтайшалар. Бірақ балбалтас мүсіндері сол «ескертпенің» арғы бетінде тұр. Жиналған халық қызықтау үшін, естелік суретке түсу үшін сол балбалтастың дәл жанына барғысы келетіні айтпаса да белгілі… Халық серуендеуге арналған теңіз жағасындағы көркем «Жартастағы соқпағымыз» тоқпақ болмаса игі еді.
Мадияр ТӨЛЕУОВ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68865,68875,68867,68874,68866,68873,68869,68868,68871"]