Ақтауда салынып жатқан "Бойтұмар" тұрғын үй кешенінен бір пәтерді бірнеше рет сату фактісін анықтау мақсатында қала әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғын-үй 16 шағынаудандағы № 21/3 учаскесіне салынып жатыр. Салушы - "Ниет Строй Сервис" ЖШС (кәсіпкер А.Ш. Аманжолов).
- Арнайы топтың құрамына қалалық әкімдіктің, қалалық прокуратураның, қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері енген. Жұмыс тобы "Бойтұмар" тұрғын-үй кешенінен үй сатып алып, келісімшарт жасасқан тұрғындардың xабарласуын сұрайды, - деді әкімдіктегілер.
Ақтау қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің телефондары: 50-47-09; 33-65-02.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы "Ниет Строй Сервис" ЖШС тиесілі «Әлия» тұрғын үй кешенінде осындай дау туған еді. Ондағы бір пәтердің 10 иесі бар болып шыққан. Салынып жатқан үйдегі пәтерлерді сатып алу үшін тұрғындар 3 млн-нан 10 млн-ға дейін бастапқы жарна құйып қойған екен. Қазір бұл мәселемен де Ақтау қаласы әкімдігінен арнайы құрылған топ айналысады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті әкімдік ұсынды