©
2018 жылы Ақтаудағы жер учаскелерін сатудан бюджетке 1 млрд 695 мың теңге, жалдау құқығын сатудан 94 млн 339 мың теңге түскен. Бұл жөнінде бүгін Ақтау қаласы әкімдігінде өткен брифингте жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Романұлы мәлімдеді.
2015 жылдан бері Жер кодексіне сәйкес, коммерциялық мақсаттағы жер учаскесін беру тек сауда-саттық арқылы жүреді. 2018 жылы 27 жер учаскесіне аукцион өтіп, 1 млрд 185 млн бюджетке пайда келген.
«17 шағынаудандағы жеке кәсіпкерге тиесілі ұста цехының құрылысына көзделген 0,1 Га жер учаскесі шағынаудан аралық жол салу үшін қайтарылып, оның иесіне жаңа шағынауданнан тең көлемде және тең бағада жер берілді. Себебі кәсіпкердің құқығы да қорғалады. 14 ш/а жер учаскесі Түрік консулдығы құрылысы, 31 А ш/а және 16 ш/а мектеп құрылысы үшін дәл осылай жер телімі қайтарылып, өзгесімен ауыстырылды. «Приморский» тұрғын массивінің ішкі аралық жолын салу мақсатында жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Романұлы.
Сондай-ақ теңіз жағалауынан көлік тұрағын, шың соқпақ салу мақсатында 11 жер пайдаланушының учаскелерін де мемлекет мұқтаждығы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдері басталған.
https://youtu.be/jYz0mBj6bhkАқтау қаласының жер көлемі 2007 жылға дейін 80629 Га болған. Мұнайлы ауданы құрылған тұста 50780 Га жер аудан құрамына енгізіліп, Ақтау қаласы 29 849 Га болып азайған.
Бөлім басшысы тұрғын үй салу мақсатында кезекке тұрғандардың мәселесі қалада жер тапшылығына байланысты шешілмей отырғандығын айтады.
https://youtu.be/0F1zQhHA_Rg«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Ақтау қаласында 71310 адам жер кезегінде тұр. Олар 2000-2010 жыл аралығында кезекке тұрғандар. 2007 жылы аталған мәселенің бірқатарын шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен 2000-2005 жылдары кезекке тұрған азаматтар тізімі Мұнайлы ауданына жолданған. Алайда барлығы бірдей қамтылмады, оған себеп ауданның күннен-күнге кеңейіп, халық санының артуы. Сондықтан 1950 арыз Ақтау қаласына кері қайтарылған», - дейді Жандос Романұлы.
Қаланың қазіргі Бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Бұл жоспарда жеке тұрғын үй үшін жер учакселері қарастырылмаған. Бос аумақтар көп қабатты үйлер, білім, спорт, мәдениет және әлеуметтік нысандар салуға бағытталған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН