©
Ақтауда облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының қатысуымен 12-ші дәстүрлі «Жыл адамы» байқауы қорытындыланды. Жыл бойы атқарған еңбектері ескеріліп, әр саланың үздіктері марапатталды.
Салтанатты жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов:
«Ел игілігі үшін еңбек ету – асыл іс. Осы орайда біздің өңірде білікті де білгір, бәсекеге қабілетті сан сала саңлақтарын сый-құрметке бөлеу - бірнеше жылдан бері игі дәстүр. Бұл дәстүр адал еңбек пен абыройлы іске бас болған жандарды жаңа табыстарға ынталандырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік қасиетке баулыр өнеге болары анық. Елбасы өз жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Жастар жылында арманы асқақ, рухы биік жастардың бастаған істеріне, алға қойған мақсаттарына сәттілік тілеймін. Білімді, саналы, салауатты жастар біздің болашағымыз. Үздіктер әр салада тәжірибе жинап, шыңдалған жастардың арасынан шығары анық», - деді ол.
Маңғыстау облысының көркеюіне үлес қосқан азаматтар 19 номинация бойынша марапатталды. Осылайша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озып шыққан азаматтар жылдың үздік номинацияларын қанжығаларына байлады.
Марапат иелерінің тізімі төмендегідей:
«Жыл мұғалімі» - Жаңаөзен қаласы «Білім - инновация» лицей-интернаты коммуналдық мемлекеттік мекеменің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Мұханова;
«Жыл тәрбиешісі» - Бейнеу ауданы «Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Жазира Нұраханова;
«Жыл ғалымы» - Ш. Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Бибайша Нұрдаулетова;
«Жыл дәрігері» - «Облыстық онкологиялық диспансер» ШЖҚ Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Ырыс Өсербаева;
«Жыл медбикесі» - "Мұнайлы орталық аудандық ауруханасы" Қызылтөбе бастапқы медициналық көмек көрсету орталығында жалпы тәжірибелік медбикесі Миуа Қартбаева;
«Жылдың үкіметтік емес ұйымы» - Мұнайлы аудандық «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райхан Дәрібаева;
«Жыл журналисі» - «Қазақстан» РТРК Маңғыстау облыстық филиалы, «Телебағдарламалар дайындау бойынша шығармашылық бөлімнің» шеф-редакторы Маржан Медиева;
«Жыл спортшысы» - Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Бауыржан Нарбаев;
«Жыл полицейі» - Полиция майоры, Ақтау қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Алмат Самешов;
«Жылдың мәдениет және өнер қызметкері» - «Көшпелілердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институт» директоры Нұрлан Құлбаев;
«Жыл фермері» - «Kazakh Osseter ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС басшысының орынбасары Турсынгул Жақыпқызы;
«Жыл жебеушісі» - «Ақжол Құрылыс» компаниясының бас директоры Асылбек Жолдыбаев;
«Жыл мұнайшысы» - «КЕЗБИ» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Кезбаев;
«Жыл құрылысшысы» - «Альянс LTD» ЖШСҚұрылыс мастері Каныбек Байжанов;
«Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» - Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Марқашова Балзираш;
«Жылдың үздік тұрғын-үй-комумналдық шаруашылық қызметкері» – «Көктем» МКК директорының орынбасары Ыбраева Жеміс;
«Жылдың әскери қызметкері» - Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі депармент басшысы Мақсат Тастанов;
«Жыл кәсіпкері» - «Даму қоры» АҚ басқарма төрағасы Абай Саркулов;
«Жыл танымы» - Соматикалық орталық басшысы Нәдірходжа Мұсаев.
Салтанатты мерекеде әннен шашу шашылып, бишілер мың бұрала билеп, өнерпаздар өнерлерін паш етті.
«Ел қатарлы еңбегімді елеп, осындай марапатқа ұсынған өзімнің туған ұжымым, отбасымнан кейінгі екінші отаным Ш.Есенов университетінің ұжымына рақмет. Педагогика факультетіне, қазақ филологиясы кафедрасына, маған сенім білдірген басқа да ұжымдастарыма, жерлестеріме, елдің азаматтарына үлкен алғысымды білдіремін. Барлығыңызды жаңа жылмен құттықтаймын! Елімізде мәңгі бақ тұрмасын, игіліктер орнасын, жүректерде қуаныш пен шаттық орнасын», - деді Ш. Есенов атындағы университеттің «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, «Жыл ғалымы» атағын алған Бибайша Нұрдаулетова.
Шара соңында аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы Елбасы айтқан жастар жылының символы ретінде бәйтерек кубогін маңғыстаулық жас көшбасшыларға тапсырды. Сонымен қатар жиын соңында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы «Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы Алпысбек Оңайбайұлына Маңғыстау облысының әкімі сәйгүлік тарту етті. «Хан Шахар» салтанатты сарайының алдында жиналған әншілер әннен шашу шашып, Алпысбекті салтанатты түрде атқа мінгізді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68534,68532,68533,68535,68531"]