Атырау облысындағы балық шаруашылығында 8 тонна қызыл балық қырылып қалды. «Луговой жылқы зауыты» шаруашылығының директоры Әміржан Шаудановтың айтуынша, қырылған балықтың жалпы салмағы - 7700 келі. Олардың ішінде бекіренің 600 аналығы да бар. Олардан келесі жылы көктемде 500 келі уылдырық алынады деп жоспарланған екен.
«Балық шаруашылығында 200 шағын табиғи бассейн бар, оның 176-сында балық болатын. Табиғи шағын бассейндегі балықтардың көбісі аналығы еді. Шығынымызды дәлелдеу үшін қазір өлі балықтарды жинап жатырмыз. 18 табиғи шағын бассейнді тазартып, 1599 қырылған балықты алдық. Олардың 48-і - тірі балық», - деді Ә. Шауданов.
Информбюро сайтының хабарлауынша, 12 желтоқсанда Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекция басшысының орынбасары Арман Молдашев «Луговой жылқы зауытында» 100 балықтың ғана қырылып, 1974-і шала жансар күйде екендігін айтқан.
Айта кетелік, аталған шаруашылықтан бөлек, Жайық өзенінде жаппай қырылған балықтар табылған, оның жиынтығы 5 тоннаға жеткен. Өлі балықтар Геолог ауылдық округі мен Жұмыскер шағынауданында табылғанын ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметкері Сәкен Ділдахмет айтты.
Қазір ведомствоаралық комиссия балықтар қырылу себебін анықтап жатыр. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 336 бабы "Балық қорын сақтау ережесін бұзу" және 328 бабы "Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу" бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Ал Атырау облыстық экология департаменті Жайық өзеніне су жіберетін кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеруді бастап кетті.
Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшиннің айтуынша, өлген балықтардың кейбірінің ағзасынан аммиак табылған. Қоғамдық денсаулық департаментінің мамандары Жайық суына жүргізілген зертхана нәтижесі бойынша тұрғындар үшін судың зиянсыз екендігін айтқан еді.
"Барлық су ғимараттарының таза екендігі тексерілді. Судан бөтен заттар табылған жоқ" деді Ж. Бекшин.
Айта кетелік, 24 желтоқсанда Атырау облысында екі адам уланып қайтыс болды. Бірақ Қазақстанның бас санитары балықтардың жаппай қырылуымен байланыстырмады.
Сонымен, 25 желтоқсандағы жағдайға тоқталайық. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметкері Сәкен Ділдахметтің мәлімдеуінше, бүгінге дейін Жайық өзенінен 9,9 тонна өлі балық (торта балық, сазан, бекіре) алынған. Ең көп шығын - "Луговой жылқы зауытында». Мұнда 3,4 тонна бекіре балығы өлген. "Жайық-Атырау бекіре балық зауытында" - 1,5 тонна, Перетаска каналынан - 1,1 тонна, "Атырау су арнасы" МКК аумағынан - 3,9 тонна өлі балық алынған.
Алғашқы зертханалық тексерулер су құрамындағы хлоридтің көлемі шекті рұқсат етілген концентрациясынан 1,5-2 есе артық екенін көрсетіп отыр.
Өлі балықтардың барлығы мұздатқышта сақтаулы, тексеру аяқталған соң жойылады екен. Балықтардың қырылу себебі өлген балық пен суға жүргізілген зертханалық тексерулердің қорытындысынан кейін белгілі болады. С. Ділдахмет зерттеу қорытындысы желтоқсанның соңында шығады деп мәлімдеді.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Сурет zakon.kz сайтынан алынды