Бұл жөнінде Ақтау қалалық мәслихатының №21 сессиясында айтылды. Сессияның күн тәртібінде Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының 2018-2020 жылдардағы бюджетіне өзгеріс енгізу және 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін белгілеу қаралды. Сессия отырысына Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, сессия төрайымы Жаңагүл Үмбетова, мәслихат хатшысы Сембіғали Зәкенов және қалалық бөлім басшылары мен мәслихат депуттары қатысты.
Сессия хатшылығына Ықылас Көшерова, Бибігүл Түркпенбаева және Бақыт Шапқан сайланды.
Алдағы үш жылға қаралған бюджет көлемі жөнінде Ақтау қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Жанар Түркпенбаева баяндады.
«Үш жылғы кезеңге арналған қала бюджетінің табысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына аса маңызды экономикалық көрсеткіштерін болжау арқылы анықталды. Қалалық бюджетке түскен түсімнің жалпы көлемі реттелетін мемлекеттік салықтарды қоса есептегенде мынадай болды: 2019 жылы – 29 млрд 861 млн 563 мың теңге; 2020 жылы – 33 млрд 270 млн 199 мың теңге; 2021 жылы – 30 млрд 463 млн 158 мың теңге. Оның ішінде салықтық түсімдер 19 млрд 669 млн теңге, салықтық емес түсімдер 109 млн 955 мың, капитал мен операциялардан түсетін табыстар 393 млн 470 мың», - деді Жанар Қойшықызы.
Сондай-ақ, бөлім басшысының айтуынша, 2019 жылы жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер 338 млн теңгені құраған. Қорғанысқа 26 млн, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік 78 млн, білім 15 млрд 335 млн теңге қарастырылған.
Ал Өмірзақ ауылына 2019 жылға 187 млн, 223 мың, 2020 жылға 237 млн 829 мың, 2021 жылы 253 млн 111 мың теңге бөлінбек.
«Тұрақты комиссияда бюджет жөнінде жан-жақты қарадық. 2019-2021 жылдардағы бюджетке шағынаудан ішілік жолдарды жөндеу енгізілмей қалыпты. Халық арасында бұл мәселе жиі кездеседі, әсіресе төменгі шағынаудандарда. 2015 жылы 6 ш/а ішілік жолдарды жөндеуге арналған жоба болып еді. Бірақ ол жоба күйінде қалды. Осыны қаперіңізге алуыңызды сұраймын», - деген депутат Бибігүл Жапарқызы 3А ш/а «Декми» сүт зауытына сатылған балабақша ғимаратын қайтаруы жөніндегі тұрғындар ұсынысын да жеткізді.
Сессия отырысы барысында қала басшысы Ғалымжан Ниязов Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше депутатқа төсбелгі табыстады. «Ақтау қаласының 55 жылдығы» төсбелгісі Бибігүл Түркпенбаеваға, Мұрат Сауғабаевқа, Бердіқожа Боранбаевқа табысталды.
№22 сессия төрайымы болып №2 сайлау округінен сайланған мәслихат депутаты Бибігүл Түркпенбаева сайланды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68203,68202,68201,68200,68199,68198"]