©
Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше Ақтауда көктайғақ болып, жолда жүру, көлік қатынасы қиындаған болатын. Тұрғындар межелі жерге жете алмай, әбігерге түсті.
Осы жағдайға байланысты жолдарға тұз, құм төсеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 29 т тұз, 30 құм/тұз төгілді. Тайғақ басталған 3 сағат ішінде 24 адам ауруханаға түрлі жарақатпен түскенін хабарлағанбыз.
Дегенмен қолайсыз ауа райынан зардап шеккендер саны кешке дейін бірнеше есе артқан.
«Кеше облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесіне 142 адам түсіп, оның 20-сы ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде аяғы, жамбас сүйектері сынған т.б. жарақаттар бар. Қалғандары амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Дәрігер көмегіне жүгінген барлық тұрғынға көмек көрсетілді», - дейді баспасөз қызметі.
Ал Полиция департаменті бұл күні ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелмегенін жеткізді.
"Ақтау-Форт-Шевченко" автожолының қауіпті аймақтары мен тік құламаларына 100 тонна инертті материалдар себу жұмыстары жүргізілді.
"Оған УАЗ, газель, пикап, самосвал, погрузчик, қар тазалағыш, техникалары жұмылдырылды. Ұзындығы 72 шақырым аудандық маңыздағы жолдарға 70 тонна, «Форт-Шевченко-Таушық», «Таушық-Қаламқас» автожолына 100 т, «43-Таушық» автожолына 300 т инертті материалдар себілді", - деп хабарлады Түпқараған ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА