©
Ақтау қаласы әкімдігі мен оған қарасы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің тең жартысы кешкісін жұмыста жиі бөгеледі екен. Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ-де мемлекеттік "Қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс мезгілде жұмыс жасауы және студенттік жатақханаларда басқа адамдардың заңсыз тұруы" тақырыбында өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары тақырып жөнінде баяндама жасап, сауалдарға жауап берді.
2018 жылдың 2 ақпан күні биылға арналған «Мемлекеттік қызметтегі әдептілік деңгейін көтеру бойынша кешенді жоспары» бекітілген. Бұл жоспарда қызметшілерді тұрғын үймен, жер учаскесімен қамтамасыз етілуі, еңбек демалысы не басқа да демалыс күндер үшін өтемақыны уақытылы алып отыруы, біліктілік арттыру курстарына дер кезінде баруы секілді іс-шаралар қамтылған.
«Мемлекеттік қызметшілер түнімен жұмыс істейді, соның салдарынан жұмысқа деген тиімділік төмендеп жатыр. Сондықтан соңғы уақытта осы мәселеге көп көңіл бөліп жүрміз. Жоғарыда атап өткен Жоспардың маңызды тармақтарының бірі – мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан кейін бөгелетіні. Осыны анықтау мақсатында 271 мемлекеттік органға сауалнама жүргіздік. Оның ішінде 171 жергілікті атқарушы және 100 орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері қамтылды. Сауалнамадағы «Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыс орнында жиі отырасыз ба?» деген сұраққа 36,3% жиі және тұрақты негізде деп жауап берген. Оның ішінде жұмыс көлемінің ауқымды болуына байланысты - 25%, басшының тапсырмасымен - 6,5%, негізгі жұмыстарды үлгермеу себебінен – 4,8%, кейде немесе сирек кешігетіндер - 39%, мүлдем жұмыстан кейін отырмайтын қызметшілер саны – 24,7% құраған», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиев.
Ал «Демалыс күндері жұмысқа шығасыз ба?» деген сұраққа 28,8% қызметшілер «ия, тұрақты түрде» деп жауап берген.
Жұмыс уақытынан тыс жиі бөгелетін мемлекеттік органдар арасында Ақтау қаласы әкімдігі мен оған қарасты мемлекеттік мекемелер бар екендігі белгілі болды.
«Бұл органдарда сауалнамаға қатысқан қызметшілердің жұмыста қалу көрсеткіші - 45,5%, ал демалыс күндері жұмысқа шығу дерегі – 33,3% болды. Бұл көрсеткіштер басқа органдармен салыстырғанда жоғары. Мәселен, Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде 4 қызметші шілде айының ішінде жұмыстан өз еріктерімен шығып кеткен. Жұмыстан шығу себептерінің бірі ретінде – басшылар тарапынан берілетін тапсырмалардың көптігін, жұмыстан кейін жиі қалатынын және демалыс күндерінде жұмысқа шығатынын көрсеткен», - дегенді айтты Ерлеген Жәрдемұлы.
Аталған мәселелер талқыланып, мекеме басшыларына нақты ұсыныстар берілген. Кемшіліктер алдағы уақытта жүйелі түрде қайталанатын болса, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатыны ескертілген.
Аумақтық департаменттің қазан-қараша айларында жүргізген екінші сауалнамасы мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмыстарға тартудың азайғанын көрсетті. Дегенмен әлі де қызметшілердің жұмыстан кейін бөгелетіндігі байқалған. Атап айтсақ, Маңғыстау облыстық білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармалары, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.
«21 қараша күні жергілікті атқарушы органдардың облыстық басқармаларына рейд жүрді. Сол кезде Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бірнеше қызметкері сағат кешкі 19.44-те әлі жұмыста отырғандары белгілі болды», - дейді Ерлеген Жәрдемұлы.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 89 бабында жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін жұмыс берушілерге (мекеме басшыларына) әкімшілік жаза қарастырылған. Сондықтан аталған мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты ақпарат құзырлы органдарға (облыстық еңбек басқармасына) тиісті шешім алу үшін жолданбақ. Жаңа жылдан бастап қызметшінің артық жұмыс істеген уақытына қосымша ақы төлеу де қатаң бақылауға алынбақ.
«Бұл жұмыстар мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, оларға мейлінше қолайлы жағдай (жеке уақыттары пайда болады, тынығуға, спортпен айналысуға және т.б.) жасауды көздейді. Егер қызметші үнемі түнімен жұмыста отырса, оның денсаулығына да әсер етуі мүмкінз», - деді басшының орынбасары.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА