©
Жаңаөзенде бір отбасының үйі газдан жарылып, үш адам зардап шеккенін бұған дейін хабарлағанбыз. Отбасының бір ұлы үйіне қайтарылып, амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Ал анасы мен үлкен ұлы бір аптадан бері ауруханада. Өкінішке қарай, бүгін 1989 жылы дүниеге келген азамат аурухана төсегінде көз жұмды. Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«22 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 12:30 шамасында жарылыстан зардап шеккен 1989 жылы туған азамат қайтыс болды. Алдын ала диагноз бойынша, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жетіспеушілігі. Дәрігерлер қолдан келген көмектің барлығын жасады, жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Ал 1962 жылы туған азаматшаның денсаулығы еш өзгеріссіз, ауыр халде. Жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен демалып жатыр дейді мамандар.
Оқиғаға қатысты өткен брифингте зардап шегушінің қызы жарылыстың отбасы мүшелерінің кесірінен болмағанын жеткізген еді. Ал Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев сол жиында зардап шеккен отбасыға баспана берілетінін мәлімдеген болатын.