©
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нариман Айтжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстауда студенттік жатақханаларда бөгде адамдардың заңсыз орналасуы өзекті мәселеге айналған. Соған сәйкес облыс аумағындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындардың жатақханаларына рейдтік шаралар жүргізу де жиілеген.
Мәселен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанынан құрылған арнайы маниторингтік топ маусым және қыркүйек айларында рейд жүргізген.
Маусымдағы мониторинг кезінде Маңғыстау политехникалық колледжі жатақханасында заңсыз тұрып жүргендер, ғимаратқа жөндеу жүргізілмегені, санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарға сай келмейтіндігі анықталып, білім басқармасына тиісті ұсынымдар берілген. Әйтсе де заңсыздықтар қатары азаймаған.
«ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы бұйрығы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарының студенттік жатақханалары тек қана студенттерге арналған. Бұған қарамастан, қыркүйек айындағы тексеріс нәтижесінде аталмыш колледж жатақханасында заңсыз тұру фактілері тағы да анықталды. Бұл бойынша департамент тарапынан білім басқармасына ұсыным хаттар жолданып, бөгде адамдар шығарылды. Сондай-ақ студенттерге қолайлы жағдай жасалып, жөндеу жүргізілді. Жалпы екі рейдтік шараның нәтижесінде Есенов университеті жатақханасынан 3, политехникалық колледж жатақханасынан 6 бөгде адам анықталды. Олар аталмыш оқу орындарының қызметкерлері және бірі - Ресей Федерациясының азаматы», - дейді Нариман Айтжанов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА