Бүгін республика бойынша жалпыхалықтық диктант өтіп жатыр. Латын әліпбиі негізінде жазылатын диктантқа Маңғыстау облысынан 80 мың адам қатысады деп жоспарланған болатын. Осыған орай бүгін мемлекеттік органдарда, мекемелер мен оқу орындарында мыңдаған адам республикалық шараға қатысты.
Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен бүгін Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде 150-дей маман диктант жазды.
- Бүгінгі диктантқа қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен 13 мыңның үстінде адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, 15 жастан жоғары мектеп оқушылары, ата-аналар бар. Сонымен қатар, «Қала жолдары», «Каспий, жылу, су арнасы», «АУЭС» сынды мекеме қызметкерлері де өз ғимараттарында диктант жазды, - дейді Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алдашева Гүлжазира.
Мұнда қалалық әкімдіктің мемлекеттік және әкімшілік қызметкерлері қатысып отыр. Диктант мәтінінің еш қиындығы жоқ. Мәтін алдымен үш рет тыңдалды. Ал жазу барысында әр сөйлем үш реттен оқылды. Диктантты жазып болған соң тыныс белгілерін тексеру үшін тағы бір рет оқылды.
- Диктант парақшасында аты-жөнінен кейін жас мөлшері де көрсетіледі. Ол қай жастағылар тез меңгеріп кеткенін байқау мақсатында жасалып отырған болар. Әр жерде құрылған жұмыс топтары арнайы критерийлерге сүйене отырып, әріптік, тыныс-белгі қателерін тексереді, - дейді Гүлжазира Тасеменқызы.
Диктант барлық жерде бірдей сағат 10-да басталды. Қатысушылар «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы 80-90 сөзден тұратын диктантты жарты сағат көлемінде жазып шықты.
- Қазақстан Республикасының латын әліпбиіне көшуін қолдаймын және оны қабылдау бізге қиындық тудырып жатқан жоқ. Міне, жаңа ғана әкімдік ұжымы болып латыннегізді әліпбимен диктант жаздық. Мәтін ұзақ емес әрі түсінікті. Жаңа әліпбиді тез меңгеріп кетеміз деп ойлаймын, - дейді қатысушы, Ақтау қалалық мәслихатының есепшісі Ұлболсын.
Еске салайық, жұмыс топтары диктант қорытындыларын 5 жұмыс күні ішінде шығарып, жариялайтын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65591,65592,65593,65594,65596,65597"] https://www.youtube.com/watch?v=vtHEkDA9EVM