Бүгін Маңғыстау облыстық орталық мешітінде айт намазы оқылды. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов мұсылмандардың қуанышты мейрамына арнайы қатысып, Айт намазына жиналған жамағатты құттықтады. Облыстың бас имамы Смайыл Сейтбеков қасиетті рамазан айының аяқталуымен және ораза айт мейрамымен құттықтай отырып, барша жамағатқа береке-бірлік тіледі. Қасиетті айды ораза тұтып, құлшылықпен өткізген мұсылмандар елімізге береке мен бірлік тілеген дұғаға қол жайып, бір бірін мәре - сәре боп Айт мейрамымен құттықтады. Айта кету керек, тек орталық мешіттің өзіне, бүгінгі айт намазына 4 мыңға жуық адам жиналды.
Ораза айт мейрамына орталық мешіт арнайы дайындықпен келген.
Мешіт ауласына бірнеше киіз үйлер тігіліп, дастарxан жайылып, қазан асылып, қала тұрғындары қонақ болды. Өлкедегі белді кәсіпорын – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы, Маңғыстау облыстық «Ақ жол» партиясы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты дастархан жаюға ерекше атсалысты. Мешітке үнемі келетін жамағат, апа-әжелердің де үлесі зор болды.
Мерекелік бағдарлама мәнді әрі мазмұнды өтті. Әсіресе, спорттық ойындардан өткен жарыстарға қатысып, ықылас білдірген тұрғындар аз болған жоқ. Ұлттық спорт түрлерінен, оның ішінде асық атудан, арқан тартудан, кір тасын көтеруден, қазақша күрестен тартысты сайыстар өтті. Жеңімпаздардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Қошқар көтеру» сайысы да көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Білекті мықты жігіттер бірінен бірі асып түсуге тырысып, көпке дейін жеңісті бермей келді. Ақыры, қошқарды 90 рет көтерген жеңімпаз сол қошқарды үйіне әкетті.
Айт мейрамын шат шадыман қарсы алған көпшілік бір біріне жақсылық тілеп, құшақтаса көрісіп, игі тілектерін жаудырды. «Оразадан оразаға аман жетейік, еліміз аман болсын» деген ниетпен тарқасты.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Бейнежазба мен суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
https://youtu.be/6K3ss9mDUeE https://youtu.be/eeKwfIWaSuQ