©
Жазғы демалыстағы уақытты тиімді пайдалануды, иманға бет бұруды көздеген жұмыстар Түпқараған ауданының орталық мешітінде ұйымдастырылды. Осы жылы мешіттің жанынан Алла разылығы үшін, жамағаттың иманға бет бұруына жағдай жасалып медресе мен бөлме бой көтеріп жатқанын жазған болатынбыз. Енді міне, мектеп жасындағы әріп танитын балалар үшін бір айлық діни сауат ашу курсы өз жұмысын қорытындылады. Оқуын аяқтап, діни сауаттарын ашқан балалқайлар жазды жалаң аяқ жүріп, сергелдеңмен өткізбей, қайырлы іс –оқу мен үйренуге арнағандары қуантады. Оқуды аяқтаған балақайларға арнайы «Құран» кітабы мен түрлі сыйлықтар тарту етілді. «Шыбықты қалай исең, солай өседі» деп тәрбиеге қатысты мақалдатып жатамыз, дәл осы тұста тәрбие тірегі діннің де орыны бөлек. Имандылықты жастайынан бойына жиып өскен баладан жаман адам шықпасы анық.
-Биыл Рамазан айында 15 бала оқыды. Сауат ашу курсын былтырғы жылы да ұйымдастырған болатынбыз. Биыл тізімдегі 15 баладан бөлек жеткіншектерден де онға жуық бала сұранып келіп оқығандары болды. Өткен маусым айының алтысында бастаған бұл оқуды күні кеше қорытындыладық. Балалардың арасында құранға түскендері де болды. Әріп танып, намаз үйреніп, діни сауаттарын ашты. 10 бала құранға түсті. Рамазан айында арнайы балаларды оқыту үшін Ордабай Қансұлтан деген тәжірибеден өтуші ұстаз келді. Сол ұстаздың да балаларды оқттыуға көмегі тиді. Мешіттің имамы Опа Жүсіпте келіп, дәріс берді,-дейді аудандық мешіттің найб имамы Мырза Мұхаммедюсуфұлы.
Әр Рамазан айында оқыту жалғасатынын және аудандық мешіттің найб имамы Мырза Мұхаммедюсуфұлы бос кездерінде де ниетті балақайлармен жұмыс жасаудан бас тартпайтынын жеткізді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суретті түсірген автор