Экономиканың салмағы өндірістің иығына артылатын қазыналы аймағымызда алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанына 55 жыл толып отыр. Шіліңгір шілденің 5 жұлдызында Жетібай жерінің бетіне мұнай шапшып шығып, ел игілігіне ырыздық-несібе тарту етті.1961 жылдың тарихи оқиғасы қойнауы құтқа толы ырысты мекеннің атағын аспандатып, төрткүл дүниеге таратты. Маңғыстау мұнайының бастау алған күніне орай «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында атақты №6 ұңғыдан алғаш мұнай ашқан ардагерлердің Жас мамандар кеңесімен кездесуі өтті.
Қызу еңбек қарқынын қалыптастырып, өндірістің өркенді жолында қолтаңбасы қалған Қайып Азанбаев, Нұрмұхан Қанатбаев, Дари Тоқжанова, Сәмен Нұрхасанова, Жолдас Тоқжанов, Санатбай Масатов, Тұрмұханбет Кенебай сынды майталман мұнайшыларға құрмет көрсетілген кеш құттықтау лебіздер мен ыстық ықыласқа толы болды. Жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтаған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директордың бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Чэнь Цюань аға буынның салған сара жолын жас мамандар жалғастыратынына сенімділік білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
– Осыдан 55 жыл бұрын Маңғыстауда №6 ұңғыдан алғашқы мұнай атқылады. Сондай-ақ биыл «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының құрылғанына 50 жыл толмақ. Мерекеде бүгінгі күнге дейін өндірістің өтінде жүріп, жылдың 4 мезгілінде де төзімділік танытып, еңбек тартуын әзірлеген мұнайшылар елу жылдық тарихында Жетібай кенорнынан 92 млн.тонна мұнай өндіргені туралы есеп бердік. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтан сіздерді және Жетібай мұнайшыларын құттықтау жеделхаты келгенін хабарлаймын. Ынтымағы жарасқан ұжым сіздер бастаған істі жауапкершілікпен, абыроймен жалғастырып келеді. Майлы қиян Маңғыстауда ел ырыздығының еселенуіне, ел байлығын игеруге қосқан өлшеусіз үлестеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін,– деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев.
Айтулы мерекелік кеште сыйлы қонақтарға «Мұнайлы өлке» газетінің мерекелік нөмірі, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Сондай-ақ 1961 жылдың 5 шілдесінде дүниеге келіп, бүгінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру бөлімінде қызмет етіп жүрген, өмірі Маңғыстау мұнайының тарихымен бірге өрілген Бұрышхан Болатова құрметтің құшағына бөленіп, сый- сыяпатқа кенелді. Күмбірлетіп күй тартып, әуелете ән салған Жас мамандар кеңесінің мүшелері көпшіліктің көңілін көкке өрлетіп, мерейлі күннің көрігін қыздыра түсті.
«Қара алтынның» селін тасытып, түбекті түлеткен мұнайшылар дастархан басында жастармен әңгіме өрбітіп, өткен күндердің естеліктерін еске түсірді.
–Жетібайдағы №6 алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанда жергілікті бұрғышылар 3 күн,3 түн бойы жанкешті еңбектің нәтижесінде аман-есен аса қуатты бұрқақты ауыздықтадық. Жұмыс барысында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, ешқандай адам өлімі мен өрт болған жоқ. Кейін жоғарыдан келген білікті мамандардың өзі маңғыстаулық бұрғышылардың осынау ерлікке пара-пар еңбегіне, ұтымды іс- тәжірибесіне қайран қалды. Бұрқақты ауыздықтауға кіріскен сәтте бір вахтаны мен, екіншісін бұрғышы Сабырбай Шонтыбаев басқарды. Араға 15-20 минут салып, бұрқақтың астына түскенде жүзімізді тер жуып, бет-аузымыз қара балшық пен мұнайдан көрінбей қалды. Ұңғыдан атылған мұнайдың тәуліктік өнімі 400 тоннаға жетті. Сол кезде № 6 ұңғыны бұрғылап жатқан Н.Петровтың бригадасындағы бұрғышылардың дені жергілікті қазақ жігіттері болатын,-деді белгілі бұрғылау шебері Жолдас Тоқжанов.
Маңғыстау мұнайының мақтаныштары сонау 1961 жылдың шілдесінде орын алған ел өміріндегі ерекше оқиғаны баяндап, мамандыққа, кәсіпке деген сүйіспеншіліктерін жастарға үлгі етті. Кешегі қиын-қыстау заманда кен орнын ерен ерлікпен, зор қажыр- қайратпен игеріп, ел дамуына демеу болған ардагер мұнайшыларды мерейтоймен құттықтаған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы кәсіподақ ұйымының төрағасы Тарғын Мысанбаев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі атынан қаржылай сыйлық табыстады. Ұрпақтар сабақтастығын байланыстырған мерейтойлық шарада сөз алған Жас мамандар кеңесінің мүшелері елінің ырысын халқына несібе етуге еңбек етіп, өндірістегі ауыртпашылық мен кедергілерді еңсеріп,қиын істің қиюын келтірген мұнайшыларды үлгі-өнеге тұтатынын жеткізіп, аға буынға алғыс айтты. Биік мақсатқа берекелі іспен қол созған жастар 55 жылдық белестің биігіне нық қадаммен басып, үлкендердің ақ батасын алды.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ербол Айтбаев