Маңғыстауда алғаш рет стартап орталығы ашылды. "Маңғыстау стартап акселерациясы" - жаңа бастамалар мен идеяларды қолдап, сүйемелдейтін, оларды инвесторларға ұсынатын жергілікті маңғыстаулық технологиялық хаб.
"Жаңа идеялар инвестицияға, қаражатқа мұқтаж болса, инвесорлар нарықта әрдайым тың идеяларды іздеп жүреді. Біздің мақсатымыз - осы дұрыс идея мен нақты инвестицияны жалғайтын көпір болу", - дейді стартап орталығының негізін қалаушы "Медиана" ІТ-компаниясының өкілдері. Орталық "Грант Қазақстан" коммерциялық емес ІТ-қорының атынан әрекет етпек.
Тек қана Маңғыстауда ғана емес, республиканың жалпы батыс өңірінде бірінші рет ұйымдастырылып отырған стартап орталығының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Бауыржан Қайратов, Маңғыстау облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира Мамаева, Есенов университетінің ғылыми жұмыстар бойынша проректоры Ермек Нұрмағамбет, журналистер, қоғамдық бірлестік өкілдері мен жастар қатысты.
Орталықтың басшысы Өмірбек Құрбанбаев алдымен стартап ұғымына тоқталып, содан соң орталықтың жұмысымен таныстырып өтті.
"Стартап" ұғымы 1939 жылы пайда болған. Стэнфорд университетінің түлектері Дэвид Паккард пен Уильям Хьюлетт өздерінің жобасын жасап, оны стартап деп атаған. Стартап ұғымы Қазақстанға соңғы он жылдықта ғана келгенімен, АҚШ-та 70 жылдардан бері кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, Apple компаниясы гаражда басталған стартап еді, ал Microsoft компаниясы әу баста балалар бөлмесінде басталған болатын. Одан соң екі дос IBM корпорациясынан қаражат сұрап барады. Соңында Microsoft сол корпорациядан да мықты болып қалыптасты. Яғни, стартап бастамасы ғана, ал оның қандай компанияға айналатынын уақыт қана көрсетеді.
"Бірінші миф - "біздің жастардың идеясы жоқ, олар басқалар сияқты емес" деген түсінік. Шын мәнінде, біз жастардың ойын сұрамадық, оларды зерттеп көрмедік. Екінші миф - "идеяны айтсаң, ұрлап алады" деген ой. Үшіншісі инвесторлардың арасында таралған миф - "біздің жастардың идеясына қаражат салудың пайдасыз". Бірақ жастарға мүмкіндік берместен бұрын шешім қабылдамайық", - деп, Өмірбек Құрбанбаев қоғамда қалыптасқан үш мифке тоқталды.
Салтанатты шарада Маңғыстау стартап акселерациясы мен "Маңғыстау-медиа" ЖШС, Маңғыстау облыстық білім басқармасы, Есенов университеті арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұдан соң "Маңғыстау-медиа" ЖШС директорының міндетін атқарушы Ә.Телеуғали мен Маңғыстау облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Г.Мамаева жаңа орталықтың лентасын қиды. Стартап орталығы коворкинг орталығымен, келіссөз кабинетімен, оқу аудиториясымен, 120 орындық конференция залымен, ресурстық орталықпен жабдықталған.
Маңғыстау стартап акселерациясы тек ІТ саласындағы жобаларды ғана қарастырмайды. Егер идеяңыз қызықты, әрі қоғам өмірін жақсартуға бағыталған болса, орталыққа келіңіз.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64450,64449,64448,64446,64443,64451,64441,64442,64444,64445,64447"]