Республикалық форумның кезекті өңірлік бөлімі Маңғыстауда өтті. Шара билік, бизнес және үкіметтік емес ұйым арасында аймақтың өзекті мәселелері бойынша сұқбат құруды мақсат етті.
Шараның аясында «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ: сұқбат және ынтымақтастық», «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ҮЕҰ тарту тақырыбында сұхбат алаңы өткізілді. Оның нәтижесінде аталған тақырыптар бойынша ұсыныстар әзірленіп, талқылау мақсатында пленарлық отырыс ұйымдастырылды.
Оған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақастанның Азаматтық Альянсының вице-министрі, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, ҮЕҰ жетекшілері, аудан және қала әкімдері, мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.
Жиында сөз алған өңір басшысы облыста 53 ҮЕҰ сомасы 324 млн теңгені құрайтын 93 ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырып жатқандығын жеткізді.
- Жалпы республика бойынша 23 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Маңғыстау облысында 900-ден астам ұйым бар. Мұның 679-ы жұмыс істеп келеді. Ал 57-сі жойылу сатысында, 27-сі мүлдем жұмысын тоқтатқан. Мемлекет пен Азаматтық қоғам арасында механизмдер орнатылған. Әлеуметтік тапсырыс, грант және сыйақы деген жүйе жүзеге асып жатыр. 1 қазаннан бастап бүкіл өңірде азаматтық форумдар өтуде. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы негізгі диалог алаңы осы – Азаматтық форум, - дейді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Ол өз сөзінде қоғамдық ұйымдардың статистикасын айта келіп, дамудың негізгі проблемасын атап өтті. Базаға тіркелген заңды тұлғалардың көпшілігі жұмыс істемейтіндігін тілге тиек етті. Яғни, республика бойынша қоғамдық ұйымдардың үштен бірінің аты бар да, заты жоқ. Осы және өзге де мәселелердің шешу жолдарын Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Дос Көшім ұсынғандай болды.
- Соңғы уақытта азаматтық қоғамға деген көзқарас өзгере бастады. Мемлекет тарапынан қолдау, жүктеме пайда болған сияқты. Қазір жаңа жоспар, жаңа концепция дайындалып жатыр. Азаматтық ұйымдарды дамытуымыз қажет. Қазақстандағы ең басты проблема – еліміздегі қоғамдық ұйымдардың 80 пайызы орыс тілді. Оның себебі – 90 жылдары бізді америкалықтар келіп оқытқанда орыс және ағылшын тілдерінде жүргізгендігі. Өкінішке қарай, қазақ тілді азаматтар сол семинарларға үлгере алмады не түсіне алмады. Сондықтан қазақ тілді ұйымдарды оқыту, дамыту, біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ ауылдық жерлерде қоғамдық ұйымдардың қазіргі кездерде мүмкіндігі өте шектеулі. Бұл бағытта да арнайы жобалар дайындап жатырмыз, - деді ол өз сөзінде.
Айта кету керек, аталмыш форум 2003 жылдан бері екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. 27-28 қарашада Астана қаласында Елбасының қатысуымен республикалық VIII форум өтпек.
«Қоғамдық ұйымдар – ешқашан өзінің пайдасын ойламайтын, өзінің қалтасы мен қамын ойламайтын адамдардан тұрады» деп Д.Көшім айтпақшы, пленарлық отырыс аясында белсенділігімен көзге түскен, қоғамдық ұйым басшыларына Алғыс хат табысталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік Майемеров
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64431,64432,64433"]