Астанада өткен бүркітшілердің xалықаралық турнирінде маңғыстаулық құсбегі Айшуақ Тайманов жеңімпаз атанды. Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы Халықаралық құсбегілер жарысы 20-21 қазан күндері Астана қаласы Алаш тас жолының бойында өтті.
Екі күнге созылған жарысқа Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстаннан отызға жуық қыран қатысты. Сондай-ақ еліміздің он облысынан құсбегілер және Маңғыстаудан бір құсбегі қатысты.
Қыран құстар сайысының нәтижесі бойынша Жамбыл облысы I орын, Атырау облысы II орын, Маңғыстау облысы III орын алды. Кіші құстардан, яғни ителгіден I орынды Маңғыстау облысы, II орынды Астана қаласы, III орынды Атырау облысы иемденді.
Жеңімпаз құсбегі Айшуақ Таймановтан ителгісі жайлы сұрап көрдік:
«Ителгім әлі балапан. Есімі – Жебе. Дайындағаныма 3-4 ай болды. Ителгімді әлі дала аңына салып көргенім жоқ. Балапан болғандықтан, тек осы сайыс ережесі бойынша дайындадым. Негізгі сүйікті ісім – құсбегілік. Ителгімді тек жарысқа дайындаған болатынмын. Ал аңға алдымызда келе жатқан қансонарда саламын», - деді Айшуақ Тайманов.
Құсбегінің айтуынша, ол бала кезінен үлкен әкесі мен өз әкесіне еріп қақпан құрып өскен. Ал құсбегілік шаңырағында мүлдем болмағанын айтады. Айшуақ Тайманов. қыранды 27 жасында қолына қондырған. Ол ауылда бауырларына еріп, солардан көріп құсқа деген қызығушылығы оянғанын айтады.
"Жарысқа бүркіт пен ителгімді апардым. Ителгі - кіші құс. Алатын аңының ең ірісі -қоян, үйрек секілді аңдар. Ал бүркіт бабына келсе, қасқырға дейін алады. Баптауына келсек, ең қиыны - бүркітті баптау. Оны аңға салу үшін 40-45 күн қайырады (арықтатады). Төсінде, табанында, қанатының астында, құйрығындағы майларын бөліп алмай, жәймен, баппен азайтады. Ең бірінші орында бүркіттің іш-құрылысының тазалығы. Егер қыранның асқазанында май болса, құс салған аңына айнып бармай қалады. Соның барлығын қадағалап отыру қажет. Құсты баптағанда боз жем, ақ жем, сары бөртпе беріп баптаймыз", - дейді құсбегі Айшуақ Тайманов.
Сонымен қатар құсты қайырғанда жылқы етін жапырақтап турап, бойында май шандырларын алып суға салып, шайып береді екен. Еттің бойында қан болмаса еттің күші, құнарлылығы азаяды. Сол себепті құс қанша тойып жесе де, құс құнары жоқ етке семірмейді, құсты осылай қайырады дейді құсбегі.
Қаперіңізге берейік, Тайманов Айшуақ Асылжанұлы, бүркітші, 1988 жылы Тұщыбек ауылында дүниеге келген. Бос уақытында құс ұшырып, қақпан құрумен, саятшылықпен айналысады. Атасы Тайман, апасы Роза Айдарбаевтар – өлкемізге, респубикамызға белгілі күйші, домбырашылар.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64415,64416"]