©
Маңғыстауда 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін браконьерлік фактілері бойынша 151 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа тек 17 немесе 11,3% жіберілді, қалған 134-і ашылмаған. Осы кезеңде бекіре балығын заңсыз тасымалдау және сақтау фактілері бойынша 221 іс қозғалып, сотқа 198 қылмыстық іс жіберілді, қалған 23-не тергеу мерзімі тоқтатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлімдеді.
26 қазан күні браконьерлікпен және бекіре тұқымдас балықпен күресті жүзеге асыратын уәкілетті органдар жұмысының мәселесі бойынша заңдылығы, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиында браконьерлікпен күресу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар браконьерлікпен күреске бағытталған органдардың тиісті өзара іс-қимылының жоқтығына және олардың материалдық-техникалық жасақталуына, сондай-ақ осындай қылмыстардың төмен ашылуына назар аударылды.
Облыста заңсыз ауланған 23,4 тонна балық тәркіленсе, оның залалы 1,3 млр теңгені құрайды. Сондай-ақ сотқа уақтылы жүгінбеудің нәтижесінде 17,3 млн теңгеге бұрын алынған дәлелдемелер (балық және уылдырық) сатылмаған.
Маңғыстау облысының прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, алынған балықты уәкілетті емес субьектіге тапсыру және одан әрі өткізу бойынша заңсыз тәжірибе анықталды.
Осылайша, заңнамада балықтарды мемлекеттік кәсіпорындардың ғана сату тәртібі көзделген. Осыған қарамастан, облыстық Полиция департаменті жеке кәсіпкерлермен келісім шарт жасасты. Жиынның қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ