©
2018 жылдың 18-19 қазан күндері Ақтау қаласында Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының бастамасымен, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған республикалық күйші қыз-келіншектер байқауы өтті.
Байқау үміткердің жас мөлшеріне, кәсіби біліміне, мамандығына шектеу қоймауымен ерекшеленді.
Екі күнге созылғанн өнер сайысына Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 23 үміткер қатысты.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Кәрима Сүндетқызы Сахарбаева, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Гүлперизат Елеусізқызы Ұлтарақова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рахат Бекболұлы Мәдіреев, мемлекеттік «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы қорының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижеры Абылай Жанболатұлы Тілепбергенов және Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әртісі Ғалия Ақбергенқызы Қожабергенова бар. Оған Роза Айдарбаева өзі бсшылық етті.
- Байқау үш турдан тұрды, әр тур сайын іріктеліп, ақтық сында 15-тей домбырашы қалды. Алыстан келген, шарттарын толық түсінбей қалған, дайындығы жетіспей жатқан да қатысушыларымыз болды. Қазақ күйінің анасы – Дина шешеміз ғой. Оның атында да қыз-келіншектер конкурсы бар. Қыздар мен ер адамдардың араласып жатқанынан гөрі бір ерекшелік болсын деп қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылды. Орындаушылардың шеберлігі өте жақсы, менің және әкемнің күйлерін күнделікті тыңдап жүргендей нақышына келтіріп орындады. Конкурс өткізу идеясы мен 60 жасқа толғанда келген болатын. Бірақ барлығы қаржыға қарап қалады ғой. Дегенмен биыл облыс басшысы Ералы Тоғжановтың қолдауымен байқауды өткізу мүмкіндігіне ие болдық, - дейді Роза Тайманқызы.
Еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосқан домбырашылар арасында Қыдырсихова Тоғжан (Алматы), Пердебекова Дидар (Ақтау), Үмбет Тоғжан (Астана) ІІІ орын, Зинор Нұрай (Атырау), Әбдуахап Сымбат (Алматы) ІІ орын, Бекенова Әнел (Алматы) мен Айнұр Сахупова (Атырау) І орын қанжығалады. Ал бас жүлдені Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті Назерке Базарбаева еншіледі. Тайман Айдарбаев атындағы арнайы жүлде оның күйлерін жоғары деңгейде орындаған Әбдуахап Сымбатқа бұйырды.
Байқау қатысушылары арнайы дипломмен марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай жүлделер табысталды.
Марапаттау рәсімінен соң жеңімпаз атанған Назерке Семғалиқызын сөзге тартқан едік.
[caption id="attachment_63851" align="alignnone" width="1024"] Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған республикалық күйші қыз-келіншектер байқауының жеңімпазы - Назерке Базарбаева[/caption]- Назерке, жеңісіңіз құтты болсын. Байқау өтетінін қайдан естіп едіңіз?
- Конкурстың өтетіні жөнінде консерваторияға бағдарлама келген. Сол арқылы білдім.
- Қанша уақыт дайындалдыңыз?
- Бір ай көлемінде дайындалдым.
- Ұстазыңыз кім?
- Менің ұстазым – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Сахарбаева Карима Сүндетқызы.
- Байқауда сіздерге қандай талаптар қойылды?
- Маңғыстауда өтіп жатқандықтан, осы өңірдің күй өнері стилін сақтап, барынша сезіммен, жүрекпен жеткізуді талап етті. 1-турда Роза Айдарбаеваның және ол кісінің әкесі Тайман Айдарбаевтың, Дина Нұрпейісованың, Абылдың күйлерін орындадық. Екінші кезеңде «Бозащы», «Шалқыма», «Бұлбұл Ақжелең» күйлерін Роза апамыздың стилінде орындау жүктелді. Ал соңғы турда оркестрмен күй орындадық.
- Роза апамыз бен Тайман Айдарбаевтың күйлерін бұрыннан білетін бе едіңіз әлде осы байқау үшін үйрендіңіз бе?
- Бұрыннан білетінмін, бірақ репертуарымда жоқ еді.
- Қанша күй бар репертуарыңызда?
- Біршама... Санамаппын.
- Домбыраны қанша жасыңыздан шертіп келесіз?
- 3-сыныптан бері.
- Басқа қандай байқауларға қатыстыңыз?
- Биыл Атырауда өткен Бақыт Қарабалина атындағы қыз-келіншектер байқауында да бас жүлде алдым.
- Ақтауға бұрын келіп пе едіңіз? Маңғыстау жері, халқы қалай қарсы алды?
- Бұрын қыдырып келгенмін. Бұл өңір қонақжайлығымен, ілтипатымен есте қалады. Осы байқауға қатысуға келгелі құрақ ұшып, бар жағдаймызды жасап, күтіп жатыр. Жасымыз кіші болса да үлкен кісілердің бізге деген зор құрметін байқадық. Ал Ақтау қаласы бала күнімнен ұнайды, әсіресе, бәрі ұнататын Каспий теңізін, Маңғыстау шоқылары мен таулары да жақсы көремін.
- Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылғыңызға сәттілік тілеймін!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63852,63850,63849,63848,63847,63846,63845"]