©
Бұл жөнінде бүгін Елбасының Қазақстан халқына жолдауы барысында айтылды. Бұрын аталмыш өңірде мемлекеттік қызметтегі бір орынға 2 адамнан келген.
Президент мемлкеттік қызмет саласының сапасына тоқталды. Қызметкерлер санын қажетінше қысқарту арқылы қаржыны үнемдеп әрі сапалы жұмыс атқаратын мамандармен толықтыруды баса айтты.
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы 939 қаулысына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режимі Маңғыстау облысына өзге өңірлерден бұрын алғашқы болып енгізілген болатын. Осыған орай, Елбасы аймақ басшысынан бұл жобаның нәтижелерін сұрады.-Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің берген тапсырмаңызға байланысты нақты нәтижелер бар. Маңғыстауда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 2,5 есе көбейді. 84 мемлекеттік қызметкер қысқартылды, оның 24-і басшылар. Бұрын әр мемлекеттік қызметке 2 адамнан келсе, қазір 16 адамға дейін жетті. Мемлекеттік қызметтің деңгейі 4 есе өсіп, арыз-шағымдар саны 3 есе азайды. Сонымен қатар бүгінде оптимизацияның арқасында мектептерде, медицина саласында 536 млн теңге экономия шығып отыр. Құрылыс саласына да веб-технологияны енгізе отырып, 1,8 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндігіміз бар. Қажетсіз жобаларды тоқтатудың нәтижесінде бүгінде 4 млрд теңгеге дейін бюджет қаржысы үнемделеді деп жоспарлап отырмыз, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы.