©
Таяуда Ақтау қалалық өртке қарсы қызмет гарнизонының жеке құрамы «Ақтау» бас мұнай айдау станциясында өрт-тактикалық жаттығу өткізді. «Ақтау» бас мұнай айдау станциясы теңіз портынан 2 шақырым жерде орналасқан.
Жаттығу сценарийі бойынша №14 цистернада мұнай құю барысында бу-ауалы қоспалары жанып кетіп, цистерна қақпағы жарылып, өрт шықты. Шартты оттың жанындағы цистерналарға таралу қаупі төніп, өрт қызметкерлеріне шұғыл шақыртулар жіберілді.
Шартты өртті сөндіру үшін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және Авариялық құтқару жұмыстарының қызметі мен кәсіпорын әкімшілігінің жедел штабы құрылды. Бұл штаб өрт сөндіру техникаларының қайта орналасуын, өртті сөндіруге қажетті көбік қоры мен күштерді есептеп, мұнай қызудан жарылу немесе төгілу жағдайларын болдырмауға бар күшін салып жұмыстанды. Цистерналар мен эстакаданың қондырғыларын салқындату, оттың әрі қарай таралмауы мақсатында эстакаданың екі жағына стационарлы лафетті оқпандармен су берілді. Цистерналарды лафетті оқпандармен үздіксіз салқындату кезінде тәжірибелі жүргізушінің басқаруымен автосаты арқылы көбік атқылауы да ұйымдастырылды.
Өрт сөндірушілер мен нысан қызметкерлерінің тізе қосып жұмыстануы арқасында өрт сөндірілді. Жаттығуға өрт сөндіру қызметінен 46 қызметкер, станция әкімшілігінің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмылдырылды. Жалпы саны 15 дана негізгі, арнайы және көмекші өрт техникалары тартылды.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ