Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясы мен «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары-заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасын қолдау мақсатында жуырда «Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесі шет тілдері секторының базасында коворкинг орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Ұлықпанов Аманқұл Орынбайұлы және Бейнеу аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Божанов Ынтымақ Демократұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа орталықтың ашылуымен баршаны құттықтады.
Ашылу салтанатының тұсаукесер рәсімін Аманқұл Ұлықпанов және кітапхана ісінің үздігі, ардагер кітапханашы Гүлнар Кенжағалиқызы қиды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Медициналық сақтандыру: көптің көкейінде жүрген сұрақтар«Коворкинг» ағылшын тілінен аударғанда «бірлесе жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді. Заманауи түрде жасалған бұл орталықта оқырмандар өзі қалаған сүйікті істерімен айналысуға толықтай мүмкіндіктер қарастырылған. Әрі уақытын тиімді пайдалану және қолжетімділікті арттыру мақсатында тегін WIFI желісімен, жедел интернетпен қамтамасыз етілген. Келушілердің талғамына сай жасақталған жұмыс орны дайындалған. Сонымен қатар жас жеткіншектер уақытын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында шахмат, тоғызқұмалақ, «Шебер қолдар» үйірмелеріне қатыса алады. Ал білімін аттырғысы келген оқырман үшін «Speaking English club» ағылшын тілін үйрену курсы да жұмыс жасайды.
Бұл орталық – шығармашылық, оқу бағдарламалары аясында креативті жобалардың қызығушылығы бойынша патриот жастарымыз үшін дебат клубы және көпшілік алдында еркін сөйлеп, дауыс интонациясын қалыптастыру үшін жүргізушілік клубтары, тренингтер ұйымдастыруға тиімді орталық. Ең маңыздысы коворкинг орталықтағы барлық қызмет тегін.
Жалпы елімізде жасалып жатқан осындай шаралар көңіл қуантады. Жастардың болашаққа деген бағдарын нақтылап, сенімді арттырады.
Үміт ҚАЗДАЕВА