©
Ақтауда 29 қыркүйек күні «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде 2001-2002 мен 2004-2005 жж туылған жасөспірімдер мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан «Әминиада-2018» облыстық ашық турнирі өтеді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл турнир 2009 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитетінің күнтізбелік жоспарына енгізілген. Жарысқа облыстың барлық аймақтарынан жеңіл атлетикадан спортшылар шақырылды. Турнирге Әмин Тұяқовтың өзі де келеді деп жоспарлануда.
Әмин Тұяқов - ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Он жыл бойы КСРО құрамасында жеңіл атлетика спортшысы болған. КСРО-ның спорт шебері (1960 ж), Қазақстандық IX спартакиада ойындарының үш дүркін чемпионы (100, 200, 400 метр, 1959 ж), Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (4 х 100 м эстафетасы, 1966, Будапешт), Еуропа Кубогының жеңімпазы (4 х 100 м эстафетасы, 1965, Париж), КСРО-дағы Ұлыбритания матчінің жеңімпазы (4 х 100 м, 1966 ж, Лондон).
Әмин Тұяқов КСРО чемпионатында 6 мәрте чемпион және жеңіл атлетикадан 10 рет жеңімпаз атанған. 14 рет КСРО Қарулы күштерінің чемпионы атағын алған. 1965 жылы «Құрмет белгісімен» марапатталған. 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын иеленген, сондай-ақ 1997 жылы «ҚР-ның еңбек сіңірген спортшысы» атағы берілген. 1997 жылы Әмин Тұяқов "ХХ ғасырдың 10 мықты спортшыларының" қатарына енген.
Айта кетейік, жарыстың ашылу салтанаты 29 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтеді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ